Экономика

Баспана бағасы арзандай ма – сарапшылар болжам жасады

Риелторлардың айтуынша, үй арзандайды деу қисынсыз. Керісінше, сұранысқа сай ол өсе береді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек –  Sputnik. Қазақстанда кейінгі бір жылда тұрғын үй нарығын бұрын-соңды болмаған қымбатшылық жайлады. Зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану құқығы берілген бойда баға бірден 10-12 процентке өсті.

Кей өңірлерде тіпті 20 процентке қымбаттады. Қордағы қаржының 1,8 триллион теңгесі осы мақсатқа жұмсалды, деп хабарлады Хабар 24.

"Баға өсіміне бүкіләлемдік қаржы дағдарысы ғана кедергі келтіруі мүмкін. Экономистер 2-3 жылдан кейін жаһандық экономика әлсірейді, сәйкесінше ахуал қиындайды деп болжап отыр. Бәрі коронавирус пандемиясына байланысты. Дағдарыс болып, ақша айналымы азайса, баға түседі. Соңғы рет мұндай жағдай 2008 жылы болды. Ал дағдарыстың қайталануын тілеу кімге де болсын қажет емес", - дейді экономист Андрей Чеботарев.

Айта кетері, үкімет өкілдерінің болжамы әзірге орындалмай отыр. Жаз айларында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі күзге қарай нарықтағы жағдай толық тұрақталады деген еді. Тіпті арзандауы мүмкін екенін алға тартқан.

"Бағаны түсіретін факторларды көріп тұрғаным жоқ. Ипотека беру жалғасып жатыр. Сұраныс болған жерде, солай болады. "Отбасы банкі" де қарқынын арттырып келеді. Мемлекет жеңілдетілген шартпен ипотека ұсынып жатыр. Бір ғана үміт – бұрынғы қарқынмен қымбаттау тоқтайды", - дейді баспана сату сайтының сарапшысы Алина Буравцева.

Жыл басында баспана бірден 12 процентке қымбаттаса, қазіргі қарқын төмен. Тамыз айының қорытындысы бойынша баға тек 2 процентке өскен.   

"Келісімшарттар құны да көбіне өзгеріссіз қалады. Мүлікті сатушылар бағаны түсіруге құлықсыз. Бар болғаны 1-2 процентке төмендетеді. Одан артыққа бармайды. Осыдан-ақ  нарықтағы жағдайды, яки сұраныстың жоғары екенін байқай беріңіз", - деп толықтырды Алина Буравцева.

Риелторлардың айтуынша, үй арзандайды деу қисынсыз. Керісінше, сұранысқа сай ол өсе береді. Таяуда президент кезекте тұрғандарға "Отбасы банк" арқылы 2 және 5 проценттік ипотекалық кредит беруді тапсырған. Бұл механизм жұмыс істей бастаса, баға тағы шарықтай түсуі әбден мүмкін.