НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысында тұрғындар Қосөзен ауылында тас жолды жауып тастады. Адамдар көлік көп жүретін жолға жақын жерде оқитын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ауыл тұрғындарының наразылығына сегіз жасар ұлдың өлімі себеп болды. Оқушы мектеп жанында 23 жастағы жігіт жүргізген көліктің астына түсіп көз жұмған еді.
Халық жолды жауып, жергілікті биліктен оқу мекемесінің жанына жаяу жүргіншілер өткелін салуды, жарық орнатып, автокөліктер үшін жылдамдықты шектеуді талап етті. Әйтпесе балаларын мектепке жібермейміз деп отыр.
Іле ауданының әкімдігі тұрғындардың талабы ескерілгенін және оқушылардың қауіпсіздігі ерекше бақылауға алынғанын атап өтті.
Тағы оқыңыз: Алматы облысында оқу жылы басталғалы 209 оқушы коронавирус жұқтырды
"Мектепке үш автобус берілді. Олар саяжай алабы мен жаңа салынған үйлерде тұратын оқушыларды тасиды. Жол белгілері, жүргізушілерге арналған белгілер, қосымша бес жылдамдықты бәсеңдетуге арналған жол кедергісі орнатылды. Мектептен саяжайға дейін тротуар төсеу мәселесі қарастырылып жатыр. Бюджет қаржысы бөлінген соң, біз мұны істейміз", - деді Іле ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Талғатұлы.
Алматы облысының полициясы Қосөзен-Шелекемер тас жолында сегіз жасар баланың өлімінен кейін Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.