Саясат

"Әлемді дүр сілкіндірген күн" - Тоқаев АҚШ-та болған оқиға туралы

Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың терроризмге қарсы іс-қимылдарын түбегейлі қолдайды, деді президент
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 қыркүйек – Sputnik. Бүгін 2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында болған террорлық актіден қаза тапқандарды еске алу күні. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның терроризмге қарсы күрес жөніндегі жаһандық іс-қимылдарды қолдайтынын нақтылады, деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook-те.

"Бүгін біз де бүкіл әлемді дүр сілкіндірген АҚШ тарихындағы ең қаралы күндердің бірі – 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі террорлық акт құрбандарын еске аламыз. Жалпы адамзатқа қарсы жасалған осы жантүршігерлік оқиға бүкіл әлемдегі миллиондаған адамдардың жадында берік сақталған", – деп жазды Мемлекет басшысы өзінің Twitter парақшасында.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың терроризмге қарсы іс-қимылдарын түбегейлі қолдайтынын атап өтті. Ол қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету – Қазақстан стратегиясының және АҚШ-пен стратегиялық серіктестігіміздің негізгі ұстанымы екенін айтты.