Қоғам

Тараз түбіндегі жарылыс: тағы бір өрт сөндіруші көз жұмды

Бұған дейін ол Нұр-Сұлтан қаласына жеткізіліп, ауруханада ем алып жатқан болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 қыркүйек – Sputnik. Жамбыл облысында әскери қоймада болған жарылыстан зардап шеккен тағы бір өрт сөндіруші қайтыс болды, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

"Бүгін Жамбыл облысындағы жарылыстан зардап шеккен 1993 жылы туған өрт сөндіруші қайтыс болды. Бұған дейін ол Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институының ауруханасына жеткізіліп, сол жерде ем алып жатқан болатын", - делінген хабарламада.

Осылайша Жамбыл облысында оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан қаза тапқандар саны 17 адамға жетті. Олар азаматтық қорғау органдарының 10 қызметкері, қорғаныс министрлігінің 6 әскери қызметкері және бір әскери прокурор.

Тағы оқыңыз: Жамбыл облысында жарылыс болғалы он күн өтті: оқиға қалай өрбіді

Із-түзсіз жоғалған тағы бір адам іздестіріліп жатыр.

Әскери бөлімдегі жарылыс

26 тамыз кешке Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймада өрт басталып, бір сағаттан кейін қоймада оқ-дәрілер жарыла бастады. Кем дегенде 10 жарылыс болған.

Жақын маңдағы ауылдардың 1 200-ге жуық тұрғыны қауіпсіздік мақсатында Таразға көшірілді. Оқиғадан кейін қорғаныс министрі болған Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті, оның орнына Мұрат Бектанов тағайындалды. Қайғылы оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.