Қоғам

Министр үш жасар қызды құтқарған жігітті марапаттады

Электр желілеріне жақын келдім де, дереу қызды терезеден жұлып алдым, дейді Исмаил Сардаров
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 қыркүйек – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Ұлттық ұланның қатардағы қызметкері Исмаил Сардаровты үш жастағы қызды құтқарғаны үшін "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен марапаттады, деп хабарлады Polisia.kz.

Министр атынан медальді 5547 әскери бөлімінің басшысы Төлеби Шубаев табыстады. Ол әскер қызметкерге алығысын білдіріп, жедел әрекеті арқасында қыздың өміріне араша түскенін атап өтті.  

Атырауда егіз бала терезеден құлап түсті – оқиғаның мән-жайы

Естеріңізге сала кетейік, 23 тамыз күні кешкі сағат сегіздер шамасында Ұлттық ұлан қызметкері қоғамдық тәртіпті бақылау қызметі барысында Желтоқсан көшесіндегі үйдің екінші қабатында терезе алдында жылап тұрған қызды көрді. Үйдің терезі ашық болатын және оның жанында электр желілері орналасқан. 

"Көршілері үйде ешкім жоқ екенін айтты. Біз бала құлап кетпеуі үшін жедел іске кірістік. Мен алдымен подъезд есігінің үстіндегі жақтаудың төбесіне шықтым. Сол жерде дүкен бар болатын. Сосын ақырындап оның төбесіне қарай ығыстым. Электр желілеріне жақын келдім де, дереу қызды терезеден алып, төмендегі әріптестеріме табыстадым", - дейді Исмаил Сардаров.