Оқиға

Қостанайда қыздың басына әткеншек құлады – оқиғаның мән-жайы

Сегіз жастағы қыздың басына тігіс салынды. Ал сынып қалған әткеншек сол күйі үш күн бойы жатты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Қостанай қаласында 8 жастағы қыздың басына әткеншек құлады. Енді ата-аналар балаларын аулаға жіберуге қорқып отыр, деп хабарлайды "Алау" порталы.

Қала тұрғыны Елена Богданованың айтуынша, 6 қыркүйекте кішкентай қызы аулаға ойнауға шыққан. Гоголь көшесіндегі ауланы үш жыл бұрын ғана жаңартып, балалар ойнайтын алаң салынған. Бірнеше жыл бұрын ғана қойылған темір конструкция сынып, қыздың басына құлапты.

"Қызым құрбысы екеуі әткеншекке барды. Екеуі бірер минуттай тербеліп отырды. Бір кезде қызым жерге отырып қалды, өзі де не болғанын түсінбеді. Осы кезде адамдар жүгіріп келіп, басындағы қанды көрді. Ол жылап, үйге жүгіріп келді. Басы қан-қан еді", - дейді Богданова.

Оның айтуынша, жедел медициналық жәрдем жылдам келді. Қыздың басын тігіс салынды. Ал сынып қалған әткеншек сол күйі үш күн бойы жатты. Қызмет көрсетуші компания ештеңе істеген жоқ. Ата-аналар балаларын аулаға жіберуге қорқып отыр.

Елена Богданова полицияға арыз түсірді. Тілшілер "Восход" қызмет көрсетуші компанияға да барды. Бірақ оның басшысы Ғалия Исмаилова сұхбат беруден бас тартты. Бірақ жеке-дара сөйлескенде әткеншектің құлағанын үш күннен кейін ғана білгенін айтты.