Қоғам

Шығармашыл жастар Тоқаев айтқан креативті индустрияны қолдау қорынан не күтеді

Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінде жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, қаламгерлер жаңа жанр түрін игеріп жүргенімен, меценаттар көмегі арқылы күн көріп отырғанын ашық айтты
Sputnik

АЛМАТЫ, 10 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында креативті индустрияны қолдау қорын құру туралы айтты.

Президент ел ішінде жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, қаламгерлер жаңа жанр түрлерін игеріп, үнемі ізденісте жүретінін айтты. Алайда олар елеусіз қалып, меценаттар көмегі арқылы ғана күн көреді. Соған байланысты енді үкімет нақты шара қабылдап, креативті индустрияны қолдау қорын құруы қажет.

Sputnik Қазақстан бұл бастамаға қатысты шығармашылық адамдары пікірін білді.

Суретшіден құрылысшыға дейін

Осыдан төрт жыл бұрын есімі жарқ еткен суретшінің бірі – Дәулетияр Балтабаев. Ол қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің суретін майлы бояумен салған соң көпшілік назарына ілікті. Алайда шығармашылық адамы қазір отбасын асырау үшін құрылыста да жұмыс істеуге мәжбүр.

Шығармашыл жастар Тоқаев айтқан креативті индустрияны қолдау қорынан не күтеді

Дәулетияр Балтабаевтың дизайн мамандығы бойынша магистр дәрежесі бар, 11 жылдан бері Шымкент опера театрының көркемдік бутафор бөлімінде жұмыс істейді. Яғни түрлі материалды қолданып, сахнаға қажетті заттар жасайды.

"Әр қойылымға әртүрлі зат дайындалады. Бірде баскиім, бірде қылыш, қалқан керек болады. Ал майлы бояумен сурет салу – хоббиім. Соған қарамастан, осы уақытқа дейін халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі көрмелерге қатыстым. Қазір қосымша құрылыс саласын да қатар алып жүрмін. Сөздің ашығын айтқанда, ақша керек. Театрдан да жібермей жатыр. Карантинге байланысты айлық төмендеді, хоббиім біршама тоқтап қалды", - дейді Дәулетияр.

Оның айтуынша, суретші мамандарды театрға немесе көрмелерге тарту өте қиын. Себебі айлық аз.

"Көрмелерге қатысып жүрген суретшілердің барлығы дерлік бұрыннан келе жатыр, арасында жас суретшілер тым аз. Майлы бояумен бұрыңғы қағида арқылы жұмыс істеп келеді, жаңаша стиль немесе техника сирек кездеседі. Егер шығармашылықты қолдауға бағытталған қор құрылар болса, мен секілді суретшілерді біріктіретін, жастар жұмыс істей алатын шеберхана ашылғанын қалар едік. Жұмысқа қажет материалдар алынып, белгілі бір мақсат қойылса, нұр үстіне нұр болады", - дейді ол.

Шығармашыл жастар Тоқаев айтқан креативті индустрияны қолдау қорынан не күтеді

Ал қазір суретшілер де, өзге шығармашылық иелері жеке жұмыс істейді. Тіпті олардың бірге бас қосуы да қиындай түскен.

"Адамның жұмыс істеуіне орта да әсер етеді. Топ болып, сол атмосфераны сезінсе, жұмыс та қыза түседі деп ойлаймын. Қазір ақсап тұрғаны – көрмелердің тоқтауы. Оған әрине, карантиннің де қатысы бар", - дейді Дәулетияр Балтабаев.

Ертегілер еленсе екен...

Түркістан облысында тұратын Дәурен Жүніс биыл алғашқы кітабын жарыққа шығарды. Алайда өз қаражатына емес, онлайн платформа өкілдері арқылы басылып шықты.

"Бала кезімнен ертегі оқып өстім. Қазақ ертегілерінен бөлек әйгілі Ганс Андерсен, Жюль Верн, Даниель Дефоның кітаптары қолымнан түспеді. 2018 жылы алғаш рет өзім ертегі жаздым. Түрлі баспаға, балалар әдебиетімен айналысып жүрген кісілерге ұсындым. Бірақ қаржылай қиындыққа байланысты шықпай жүрді. Биыл Ordagen платформасы демеуші болып, күтпеген жерден кітабым баспадан шықты", - дейді Дәурен.

Шығармашыл жастар Тоқаев айтқан креативті индустрияны қолдау қорынан не күтеді

Айтуынша, әдебиет төңірегіндегі шығармашылықпен айналысатындар арасында қаржы табу, суретші немесе редактор табу мәселесі бар.

"Қаншама автордың туындыларын шаң басып жатыр. Қор немесе үкіметтік емес ұйымдардан сол кісілерге қолдау қажет. Тым болмаса балалар әдебиетіне арнап байқаулар ұйымдастырса екен. Қазір де бірлі жарым байқау ұйымдастырылады. Жылына бір рет емес, бірнеше мәрте ұйымдастырған дұрыс деп ойлаймын", - дейді ол.

Мұндай жағдайда жас қаламгер жүлденің сыйы қомақты болмай-ақ, байқауға жолданған үздік туындылар басылып шықса деген тілек білдірді.

"Қомақты жүлде әрі кетсе 2-3 авторға беріледі. Оның орнына байқауға жолданған 100, тым болмаса 50 автордың туындысын басып шығаруға болады. Автор кезекті туындысы үшін шабыттанады, ал кітап сөрелері жүзге жуық жаңа ертегімен толығады. Бәсекелестік туындаса, сапа да артады. Балалар әдебиетін осылай дамытуға болады", - деген пікір білдірді автор.

Шығармашыл жастар Тоқаев айтқан креативті индустрияны қолдау қорынан не күтеді

Қазақ ертегілері кейіпкерлері арқылы бірқатар анимациялық фильм түсіруге де болады.

"Бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Мәселен, қазір балалар Marvel немесе DC туындыларын асыға күтеді. Ал оның ішіндегі кейіпкерлер қазақ ертегілерінде де бар. Қазақ ертегілеріндегі Желаяқ, Таусоғар, Мыстан кемпір секілді өзімізде бар кейіпкерлерді анимациялық фильм қалпына салып көрсетіп жатыр. Ертегідегі кейіпкерлер артқан сайын, жаңа мультфильмдер де көбейетіні анық", - деп түйіндеді Дәурен Жүніс.

Қорыта айтқанда, елде дарынды жас жетерлік. Бірі бабы мен бағы қатар жанып, сүйікті ісінен қаржы тапса, енді бірі тұрмысын түзеу үшін шығармашылықтан алыстауға мәжбүр. Мемлекет басшысы бұл жолы ел үкіметіне жыл соңына дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспарын ұсынуды тапсырды. Қор құру мәселесі де назардан тыс қалмауы қажет. Сол жұмыс барысында бұл жастардың тілегі мен талабы да назарға іліксе құба-құп.