НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Жыл басынан бері қазақстандықтарға 1,7 триллион теңгеден астам зейнетақы төленді. Ал орташа зейнетақы мөлшері 99 857 теңге болды, деп хабарлайды еңбек министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, 2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 547 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақыға 1 триллион 236,7 миллиард теңге бағытталды.
"1 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны қосқанда) 99 857 теңгені құрады", - делінген хабарламада.
Тамыз айында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 221,8 миллиард теңге, оның ішінде базалық зейнетақыға 68,1 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақыға 153,7 миллиард теңге бөлінді.
2021 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша Қазақстанда 2 миллион 235 мың зейнеткер бар.