АЛМАТЫ, 10 қыркүйек – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасының биылғы 8 айдағы ақша-кредит саясатын іске асырудың алдын ала қорытындысы жөнінде, сондай-ақ әлем экономикасының қайта қалпына келу барысында инфляциялық қатердің күшейе түскені туралы есебін тыңдады.
Президентке үкіметпен бірлесіп бекітілген инфляцияға қарсы шаралар мен оны жүзеге асырудың негізгі бағыттары, сондай-ақ биылғы инфляцияның жаңартылған болжамдары туралы баяндалды.
"Қасым-Жомарт Тоқаевқа халықтың табысы мен тұтыну деңгейінің артуына ықпал ететін Қазақстандағы экономикалық белсенділіктің арта түскені жөнінде және президенттің дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру барысы туралы мәлімет берілді", - делінген ақпаратта.
Бұдан бөлек мемлекет басшысына Қазақстанның жалпы халықаралық резервтерінің 8 айда 93,7 миллиард долларға дейін ұлғайғаны және Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 2,3 миллиард долларға дейін өскені туралы алдын ала деректер ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияның монетарлық емес факторларын төмендетуге және халықаралық нарықтардағы құбылмалылықтың арту жағдайында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән беруді тапсырды.