НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов жеке инвестициялар есебінен желіге тағы 100 электрлі автобус шығатынын хабарлады.
"Баламалы энергия көздеріне көшу аясында 2020 жылдың басында қала маршруттарына 100 электрлі автобусты шығардық. Электрлі автобустардың артықшылығы: атмосфераға зиянды қалдықтар шығармайды әрі үнемді. Мысалы, дизельді автобустарға жұмсалатын шығын тәулігіне орта есеппен 25 мың теңгені құраса, электр энергиясына жұмсалатын шығын 4-5 есе аз", - деп жазды Көлгінов Instagram парақшасында.
Әкімдік жеке инвестициялар есебінен желіге тағы 100 электрлі автобус шығаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен автопарк салынды.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда қоғамдық көлік енді жексенбі күндері де жүреді
"Кейіннен электравтобус санын көбейтеміз. Жаңа автобустар интеллектуалды бақылау жүйесімен, пандустармен және ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін арнайы орындармен жабдықталған", – дейді елорда әкімі.
Жаңа электрлі автобустар автопаркті айтарлықтай жаңартуға, жаңа бағыттарды енгізуге, аялдамаларда автобустардың күту аралығын қысқартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – электрлі автобустар атмосфераға зиянды заттар шығармай, қала экологиясына оң әсерін тигізеді.