Өңірлер

Қаратауда өзіне қол салған шенеунік көлігінен қылмыстық іс қағазы табылды

Ер адамның мәйітін автобус аялдамасында жергілікті тұрғындардың бірі байқаған. Жанында аңшылық қару жатқан
Sputnik

АЛМАТЫ, 9 қыркүйек – Sputnik. Жамбыл облысы Қаратау қаласында мәйіті табылған Талас ауданы әкімдігінің қызметкері өлер алдында қылмыстық іс бойынша тергелген. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады.

Телеарна ақпаратына сәйкес, ер адамның мәйітін автобус аялдамасында жергілікті тұрғындардың бірі байқаған. Жанында аңшылық қару жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша, 38 жастағы ер адам өз-өзіне қол жұмсаған.

"Марқұм Талас ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекші маманы болып жұмыс істегені белгілі. Ол қайтыс болғанға дейін тергеуге барып жауап берген. Көлігінің ішінен жол жөндеуге қатысты қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде шақыру қағазы табылды", - делінген сюжетте.

Талас ауданының әкімдігі бұл оқиға туралы қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жағдайға байланысты өз-өзіне қол жұмсау себебін және істің мән-жайын анықтау үшін қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі ("өзін-өзі өлтіруге жеткізу") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Барлық қажетті сот сараптамалары тағайындалды.