Экономика

Шымкенттік шенеуніктер ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікке ілінді

Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент департаментінде 36 миллион теңге қаражатты жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек — Sputnik. 36 миллион теңге бюджет қаражатын жымқыру және жедел қызметкерге пара беру әрекеті бойынша айып тағылған Түркістан облысы әкімдігінің білім беру басқармасына қарасты әдістемелік орталықтың үш қызметкері, сондай-ақ Шымкент тұрғыны жақын уақытта сот алдында жауап береді.

Түркістан облысы әкімдігі білім беру басқармасының әдістемелік орталығының үш қызметкері, сондай-ақ Шымкент тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Оларға мектеп оқушылары мен колледж студенттерін республикалық спорт шараларына дайындау аясында тамақтануға арналған 36 миллион теңгені жымқыруға қатысты деген айып тағылды.

"Жымқыру сәйкес ведомстволардағы спортшылардың жалған қолтаңбасын қою арқылы орындалған. Яғни бюджеттен қаражат бөлінген, бірақ спортшыларды дайындау тиісті деңгейде жүргізілмеген", - деп жазылған Қаржы мониторингі агенттігінің хабарламасында.

Сондай-ақ, ведомство хабарлағандай, қылмыстық істі тергеу барысында айыпталушылар алдын ала келісу арқылы қылмыстық істі тоқтату үшін экономикалық тергеулер департаментінің қызметкеріне алты миллион теңге көлемінде пара ұсынған.

Қазіргі уақытта істің барлық материалы Шымкент қаласының прокуратурасына жолданды. Одан кейін құжаттар сотқа бағытталады. Сот айыпталушыларды кінәлі деп таныған жағдайда олар екі жылдан жеті жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін.