Әлем

ТЖ министрі ресейлік әріптесінің қазасына байланысты көңіл айтты

Ресейдің төтенше жағдайлар министрі ведомствоаралық оқу-жаттығу кезінде адамды құтқарамын деп қаза болды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Ресейдің азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың салдарын жою істері министрі Евгений Зиничевтің қаза болуына байланысты көңіл айтты.

"Евгений Николаевичтің қызметтік борышын орындау кезінде ерлікпен қаза тапқаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадық. Ол көреген басшы, беделді саясаткер және біздің ведомстволарымыз арасындағы екі жақты қатынастарды орнатуға және дамытуға ерекше үлес қосқан тұлға болып мәңгі есімізде қалады", - делінген төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.

Юрий Ильин Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің және жеке өз атынан армия генералы Евгений Николаевич Зиничевтің отбасы мен туыстарына, сондай-ақ Ресей азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың салдарын жою істері министрлігінің барлық қызметкеріне қайғыра көңіл айтты.

ТЖ министрі ресейлік әріптесінің қазасына байланысты көңіл айтты

Еске салсақ, Ресейдің төтенше жағдайлар министрі Евгений Зиничев қызметтік міндетін орындау барысында көз жұмды.

Ресми мәліметке сәйкес, министр ведомствоаралық оқу-жаттығу кезінде адамды құтқарамын деп қаза болған.

Евгений Зиничевтің өмірбаяны

Евгений Зиничев 1966 жылы Ленинградта дүниеге келген. Санкт-Петербургтің бизнес және құқық институтының "Қаржы және кредит" факультетін тәмамдаған.

1984-1986 жылдары КСРО Қарулы күштері қатарында Солтүстік флотта мерзімді әскери борышын өтеп келген.

1987-2015 жылдары мемлекеттік қауіпсіздік органдарында жұмыс істеді.

2018 жылы мамырда Ресей президентінің жарлығымен азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың салдарын жою істері министрі болып тағайындалды.

2020 жылдың желтоқсанында оған армия генералы атағы берілді.