Денсаулық

Денсаулық министрлігі жағымды жаңалық жариялады

Бүгінде республика бойынша коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын алған адамдар саны 7 миллионға жақындады. Ал екі бірдей дозаны 5 миллион 755 мың адам салдырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Елде эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Соңғы екі аптада Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай біртіндеп тұрақталып жатқаны байқалады. Тамыз айымен салыстырғанда сырқаттану деңгейі 1,4 есеге төмендеді", - деді Шоранов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Ал эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес, он екі өңір "қызыл" аймақтан шықпай тұр. Соңғы аптада "сары" аймаққа төрт облыс ауысты. Олар: Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары. Ал Түркістан облысы "жасыл" аймақта тұр.

"Соңғы бір ай ішінде коронавирус инфекциясының таралу индексі 17 процентке төмендеді. Ал инфекциялық төсек-орынға науқастарды жатқызу көрсеткіші 56 проценттен 36-ға дейін түсті. Сондай-ақ, жансақтау бөліміне түсетін науқастардың саны 45 проценттен 36-ға дейін төмендеді", - деп атап көрсетті Шоранов.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде республика бойынша коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын алған адамдар саны 7 миллионға жақындады. Ал екі бірдей дозаны 5 миллион 755 мың адам салдырды.