Қоғам

Қазақстандық студенттердің стипендиясы өсті

Педагогика бағыттарында және медициналық жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің шәкіртақысы 50 мың теңгеден асады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Үкімет қаулысымен мемлекеттік стипендияның мөлшері, оны тағайындау және төлеу ережелеріне өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, ережелерге келесідей өзгерістер енгізілген:

"Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты аясында білім алушыларға мемлекеттік стипендия аралық аттестаттаудың (емтихан сессиясының) нәтижелеріне қарамастан төленеді".

Бірінші академиялық кезеңге стипендия мемлекеттік тапсырыс бойынша бірінші курсқа (бірінші оқу жылына) қабылданған барлық студент пен магистрантқа тағайындалады және 1 қыркүйектен бастап бірінші академиялық кезең мен каникул аяқталғанға дейін ай сайын төленеді.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитындарға төленетін ай сайынғы стипендияның мөлшері:

  • даярлаудың педагогикалық бағыттарында және "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша оқитын студенттерді қоспағанда, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім ұйымдарында оқитын студенттерге – 31 423 теңге;
  • жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім ұйымдарында даярлаудың педагогикалық бағыттарында оқитын студенттерге – 50 400 теңге;
  • жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім ұйымдарында даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша оқитын студенттерге – 50 400 теңге;
  • интерндерге – 59 289 теңге;
  • магистранттарға – 76 950 теңге;
  • "Назарбаев университеті" дербес білім беру ұйымында оқитын магистранттарға – 143 750 теңге;
  • докторанттарға – 172 500 теңге;
  • даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша докторанттарға – 172 500 теңге;
  • даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша дәрігер-резиденттерге және магистранттарға – 88 494 теңге;
  • мемлекеттік органдардан оқуға жіберілген Қазақстан Жоғарғы сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттарына соңғы жұмыс орны бойынша лауазымдық еңбекақысының, бірақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын магистранттар үшін белгіленген мемлекеттік стипендиядан төмен емес деңгейде;
  • техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 21 787 теңге;
  • техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім ұйымдарында оқитын студенттердің мемлекеттік стипендиясы – 20 948 теңге мөлшерінде белгіленеді.

"Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заңға сәйкес, экологиялық апат аймағында тұратын білім алушыларға стипендия төлеу экологиялық жағынан қолайсыз жағдайда тұрғаны үшін коэффициент қолданыла отырып белгіленеді.

Тағы оқыңыз: Шетелдік студенттерге Қазақстанға кіруге рұқсат берілді

Қаулы бірқатар норманы қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.