НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының мүшелері Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығын ресми деңгейде атап өтіп, желтоқсандықтарға құқықтық мәртебе берілуі керек екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса 1986 жылы Кеңес империясынан теңдік сұрап, азаттық үшін алаңға шыққан көтеріліске биыл 35 жыл толғанын атап өтті.
"Ұлт мүддесін қорғап алаңға шыққан желтоқсандықтардың басты мақсаты –"Әр халыққа өз басшысы" деген ұран болды. Бұл 70 жылдық кеңес империясына қарсы алғашқы ашық айтылған Тәуелсіздік идеясы, алғашқы айқас еді. Мыңдаған жастың аяусыз жазаланып, қудалануы да бұл жай оқиға емес, нағыз көтеріліс болғандығының айқын белгісі! Ендеше неге қызыл империяға қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылмайды?!", - деді ол вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.
Мәжілісмен ел тәуелсіздігі жолындағы күресте мерт болған Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджановаларға "Халық қаһарманы" атағын беру керек деп санайды.
"1986 жылғы 17-18 желтоқсанда болған Желтоқсан оқиғасы ұлт-азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажет. Желтоқсандықтарға "Желтоқсан көтерілісіне қатысушы" құқықтық мәртебесі берілуі керек", - деді Иса.
Сондай-ақ президент еліміздегі айрықша атаулы күндер қатарында атаған Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы ресми деңгейде аталып өтуі керек деп есептейді.
Бұдан бөлек, "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заңға Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды қолдап, көтермелейтін арнайы өзгеріс енгізілуі керек.
Сонымен қатар депутат қалаларда Желтоқсан қаһармандарына арналған алаң ашып, монумент орнатуды ұсынды.