Саясат

Ауғанстандағы қандастарды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз - Тоқаев

Гуманитарлық ұстанымдарға сәйкес ауғанстандық 57 студенттің білім беру визаларын ұзарттық, деп атап өтті мемлекет басшысы
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек — Sputnik. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілердің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі кезінде айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға байланысты қабылданған шешімдер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы да сөз қозғады. 

"Ауғанстандағы шиеленіскен мәселелерді реттеу үшін Қазақстан шетелдік серіктестерімен тізе қосып жұмыс істеп келеді. Біз, ең алдымен, сол жердегі отандастарымызды ұйымдасқан түрде эвакуациялауды қамтамасыз еттік. Енді, біз Ауғанстандағы қазақ диаспорасының мүшелерін, яғни қандастарымызды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз", – деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, гуманитарлық ұстанымдарға сәйкес ауғанстандық 57 студенттің білім беру визаларын ұзартылды. Сонымен қатар бортында шетел азаматтары бар ұшақтарға жанармай құю үшін транзиттік әуе дәліздері мен қону алаңдары ұсынылды. БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі агенттіктерінің қашықтағы уақытша кеңсесі Алматы қаласына орналастырылды.

Сенім грамоталарын Мемлекет басшысына Эстония Республикасының елшісі Тоомас Тирс, Әзербайжан елшісі Агалар Атамогланов, Испания Корольдігінің елшісі Хорхе Урбиола Лопес де Монтенегро, Ұлыбритания Корольдігі мен Солтүстік Ирландия елшісі Кэтрин Джейн Лич, Румыния елшісі Мэдэлина Лупу, Италия Республикасының елшісі Марко Альберти, Германия Федеративтік Республикасының елшісі Моника Иверсон, Бельгия Корольдігінің елшісі Анри Вантигем, Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы, елші Кестутис Янкаускас, Қырғыз Республикасының елшісі Дастан Дюшекеев табыстады.

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтады. Президент олардың тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі достас халықтардың әртүрлі салалар бойынша ынтымақтастық орнатуына ықпал етеді деген сенімін жеткізді. Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі мен Үкімет елшілердің миссиясын жоғары деңгейде орындауына қолдау көрсететінін айтты.