Өңірлер

"Апайдан қорқамыз": Атырауда биология мұғалімі ағасының мәйітін үйде сақтаған

35 жылдық тәжірибесі бар ұстаз өз ағасын өлтіріп, мүрдесін үйінде жеті айға жуық сақтап келген. Алайда тергеуде ұстаздың кінәсі дәлелденбеген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек –  Sputnik. Атырау облысындағы бүтін бір ауыл тұрғындары үрейленіп отыр. Тіпті кейбір ата-аналар баласын мектепке жіберуге жүрексініп қалған. Оқушылардың зәре-құтын қашырған биология пәнінің мұғалімі, дейді тұрғындар.

Олардың айтуынша 35 жылдық тәжірибесі бар ұстаз өз ағасын өлтіріп, мүрдесін үйінде жеті айға жуық сақтап келген. Алайда тергеуде ұстаздың кінәсі дәлелденбепті. Соған қарамастан тұрғындар оны білім ошағынан біржола аластатуды талап етіп жатыр, деп хабарлады КТК.

Таңдай ауылының тұрғындары қаңтар айында болған сұмдық оқиғаны әлі ұмыта алар емес. Сол кезде жер үйдің қорасынан 82 жастағы қарияның мүрдесі табылып, түрлі алып-қашпа әңгімеге арқау болған. Содан бері ауылдағылар ағасының мүрдесін қорада сақтаған ұстаздан сырт айналып қашады. Ал оқушылар мектеп табалдырығын аттауға қорқып қалған дейді жиналғандар.

"Сондай адам біздің баламызға қалай сабақ береді?! Менің тоғыз оқитын немерем бар. "Апай келгенде қорқамыз" дейді. Қасымызға жақындап келсе, ығысып отырамыз дейді. Үреймен отырған бала не білім алады?!", - дейдіТаңдай ауылының тұрғыны Жеміс Мұхаметова.

"Жұмыстан шығарғысы келмесе, облыс, қала, аудан білім бөлміне әдіскер етіп отырғызып қойсын. Ауылдан басқа жаққа алып кетіңіздерші! Балаларымыз тыныш өмір сүрсін. Одан тек бала емес, көршілер, үлкен кісілер де қорқады", - дейді тағы бір ауыл тұрғыны Жолдас Бейсекенұлы.

Күдікке ілінген әйел қазір ағайындарымен де арласпайды. Көршілерін де көргісі жоқ. Одан тіпті алыс-жақын туыстары да теріс айналған дейді тұрғындар.

"Маусым айында барғанда үйінен иіс шығып тұрды. Күйеуім "бұл нағашымды өлтіріп, ана бөлмеге тығып қойған" деді. Айтқаны тура келді", - деп атап өтті ауыл тұрғыны Нұргүл Абдолова.

Ал ауыл халқы қорқып қалған ұстаз сұхбат беруден бас тартты. Барлық сұраққа адвокатым жауап береді деп ысыра салды.

Алақандай ауылдың адамдары қазір үреймен өмір сүріп жатыр. Ал балалар мектепке баруға қорқып қалған.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында қазақ тілі пәнінің мұғалімі 10 жылға сотталды 

Тұрғындар "туған ағасының мүрдесін жеті ай бойы үйінде сақтаған ұстазды ауылдан аластату керек" деп талап қойып отыр. Ал "туғанымды жер қойнына тапсыруға қимадым" деп сылтау айтқан мұғалім қазір адам баласымен арласпайтын көрінеді. Алайда өзі дәл осы білім ордасында шәкірт тәрбиелеп ұстаздық етуде. Оған мектеп директорының өзі заң аясында рұқсат берген.

"Полицияға хабарласқан кезімізде ол куәгер ретінде жауап беріп жатыр деді. Тергеу ақтап шықты. Ешқандай жазығы жоқ. Жұмысқа орналастырып, шеттетілген уақытқа еңбекақы төледік", - деп түсіндірді Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептің директоры Серік Қойбақов.

Қаңтар айында 82 жастағы қарияның денесі қорадан табылған. Тергеу кезінде марқұмның өз ажалымен өлгені анықталыпты. Сондықтан оның 53 жастағы қарындасы жауапкершіліктен босатылған. Алайда жиналған жұрт мұғалім мүрдені үйінде сақтағаны үшін де жазалансын дейді.