Оқиға

Атырауда егіз бала терезеден құлап түсті – оқиғаның мән-жайы

Балалар терезеден құлағанда әкесі ұйықтап жатқан. Ал анасы жұмыста болған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек –  Sputnik. Атырау қаласында егіз бала терезеден бір уақытта құлады. Біреуі алған жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар депаратментіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, трагедия өткен жексенбі, 5 қыркүйек күні болған. Береке шағын ауданында 2020 жылы туған егіздер терезеге шығып, үшінші қабаттан құлап кеткен. Әкесі үйде ұйықтап жатқан. Ал анасы жұмыста болыпты. 

"Терезеде қорғаныс торы болмаған. Бір бала алған жарақатынан көз жұмды. Екінші баланың жағдайы әзірше белгісіз", - дейді құтқарушылар.

Атырау қаласында жыл сайын 5-6 бала терезеден құлап, қаза болып жатады.

Айта кетері, тура сондай жағдай Орал қаласында болған. Тамыз айында 6 және 3 жастағы екі бала қараусыз қалып, бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кеткен. Екеуі де аман қалды. Ал Алматы қаласында көпқабатты үйдің терезесінен құлаған екі бала көз жұмды.