Қоғам

Ashyq-та көк мәртебесі барларға айыппұл салынады деген рас па

Хабарлама авторының айтуынша, оның туысқанына қоғамдық орынға баруға тырысқаны үшін 83 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. WhatsApp мессенджерінде Ashyq жүйесінде көк мәртебесі бар адамдарға демалыс күндері мекемелерде QR кодты өткізгені үшін айыппұл салынатыны туралы ақпарат таратылуда.

Хабарлама авторының айтуынша, оның туысқанына қоғамдық орынға баруға тырысқаны үшін 83 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынған. 

Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті карантиндік шектеулерді сақтамағаны үшін қолданылатын жаза туралы қауесетті жоққа шығарды, деп жазды stopfake.kz.

Ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев Ashyq жүйесінде көк мәртебесі бар адамдарға ешқандай айыппұл қарастырылмағанын жеткізді.

"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Ashyq жүйесінде көк мәртебесі бар адамдарға ешкім айыппұл салмайды. Олар демалыс күндері тиісті талаптар қолданылатын мекемелерге жіберілмейді. Сонымен қатар Ashyq жүйесінде сары және қызыл мәртебесі бар адамдар қоғамдық орындарға барғаны үшін айыппұлдар автоматты түрде есептелмейді", – деді ол.

Оның айтуынша, адам QR-кодты сканерлегенде, жүйеде қызыл мәртебе шықты делік, бұл деректер Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жіберіледі.

Онда барлық ақпарат толық тексеріліп, аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне ұсынылады. Олар басқа дәлелдер жинайды, мысалы, бейнебақылау камераларынан алынған фотосуреттер.

Бәрі расталған жағдайда ғана айыппұл салынады. Бұл алгоритм тек сары немесе қызыл мәртебесі бар адамдарға ғана қатысты қолданылады. Қайталап айтамын, көк мәртебесі бар адамдар үшін айыппұл қарастырылмаған.

Оқи отырыңыз: Вакцина алмағандарды тексеру басталады: алгоритм бекітілді

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Ashyq жүйесі COVID-19 таратпау бойынша алдын алу шарасы ретінде енгізілді. Қоғамдық орынға, мысалы, театрға немесе сауда орталығына бару үшін адамдар арнайы QR кодты сканерлеуі керек, нәтижесінде жүйеде келушінің мәртебесі көрсетіледі.

Вакцина салдырғандарда немесе 72 сағат бұрын ПТР-тесттің теріс нәтижесін алғандарда мәртебе жасыл болады. Көк мәртебе адамның коронавирусқа қарсы егілмегенінің, ауру еместігінің және ауру жұқтырған адамдармен байланыста болмағанының белгісі.

Науқастармен байланыста болған адамдарға жүйеде сары мәртебе беріледі. Қызыл түс адамның COVID-19 жұқтырғанын білдіреді.