Экономика

Тұрақтандыру қорларына 5 айға жететін картоп пен сәбіз сатып алынады

Республика бойынша 229 мың тонна картоп пен көкөніс, 17,6 мың тонна қарақұмық жармасын және 28,5 мың тонна күнбағыс майын сатып алу қажет
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда маусымаралық кезеңде бағаның өсуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру қорларына картоп, сәбіз, қырыққабат пен пияздың бес айлық қоры сатып алынады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ол азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін тұрақтандыру қорларының жұмыс принципін қайта қарау қажет екенін атап өтті.

"Маусымаралық кезеңде өңірлердің тұрақтандыру қорларында картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз бойынша қала халқы қажеттілігін, қарақұмық жармасы мен күнбағыс майы бойынша бүкіл халық қажеттілігінің 30% көлемінде бес айлық қорын қалыптастыру ұсынылады", - деді Сапаров үкімет отырысында.

Айтуынша, республика бойынша 229 мың тонна картоп пен көкөніс, 17,6 мың тонна қарақұмық жармасын және 28,5 мың тонна күнбағыс майын сатып алу қажет.

Бүгінде Азық-түлік келісімшарт корпорациясы форвардтық сатып алу аясында 9 150 тонна күнбағыс және 691 тонна қарақұмық бойынша келісімшарт жасаған. Қарақұмық, күнбағыс пен қанттың қалған көлемі нарықта тікелей сатып алу жолымен алынады.