Спорт

Паралимпиада жүлдегерлеріне ақшалай сертификат табысталды

Біз бүкіл әлем паралимпиадашыларының батылдығы мен табандылығына таңдана қарадық. Бұл құрмет пен таңдануға тұрарлық іс, деді Көшербаев
Sputnik

АЛМАТЫ, 7 қыркүйек – Sputnik. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Токиодағы XVI жазғы Паралимпиадада сәтті өнер көрсеткен қазақстандық спортшыларға мемлекеттік наградаларды табыс етті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін президент жарлығына сәйкес Давид Дегтярев (пауэрлифтинг) III дәрежелі "Барыс" орденімен, дзюдошы Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Әнуар Сариев "Парасат" орденімен, жүзгіш Нұрдәулет Жұмағали "Құрмет" орденімен марапатталған.

Мемлекеттік хатшы спортшыларға ақшалай сертификат табыс етті:

  • Давид Дегтяревқа 106 миллион теңге;
  • Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Әнуар Сариевке 63 миллион теңгеден;
  • Нұрдәулет Жұмағалиға 31 миллион теңге.

"Біз бүкіл әлем паралимпиадашыларының батылдығы мен табандылығына таңдана қарадық. Бұл – заңды. Себебі сіздер барлық қиындық пен кедергіні еңсеріп, спорт шыңын бағындырып, өздеріңіз және ел үшін үлкен табысқа қол жеткізе алдыңыздар. Бұл құрмет пен таңдануға тұрарлық іс", - деді Қырымбек Көшербаев.

Ол сондай-ақ Паралимпиадада қазақстандық спортшылар бес медаль жеңіп, еліміз үшін рекорд орнатқанын атап өтті.

Кездесу соңында жүлдегерлер Давид Дегтярев пен Теміржан Дәулет қазақстандық спортшылар атынан Паралимпиадаға дайындалуға көрсетілген көмек пен қолдауы үшін президентке алғыс білдірді.