НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысында егін жинау науқанының барысымен танысты, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаев алдымен Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылындағы "Сервис Жарс" ЖШС-нің ауыл шаруашылығы алқабына барды. Мемлекет басшысы кәсіпорынға қарасты егістік жерлердің жағдайымен танысып, егін жинау жұмыстарына пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникаларын көрді.
Президент ауыл шаруашылығы кәсіпорнының жетекшілерімен және механизаторлармен әңгімелесу барысында өз Жолдауында субсидия саласындағы саясатты реттеу керек екеніне тоқталғанын еске салды.
"Бұл жерде бәрі айқын болуы керек. Болашақта субсидиялар мүлдем жойылып, оның орнына пайызы төмен несиелер болады деген пікір бар. Алайда, қазіргі уақытта біз ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетуіміз қажет", – деді ол.
Сонымен қатар Тоқаев дайын әрі өңделген өнімнің, соның ішінде ұнның экспортқа шығарылу көлемі төмендегенін атап өтіп, қолайлы тариф саясаты қажет екеніне назар аударды.
"Біз дәстүрлі түрде Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан елдерінің нарығына ұн жеткіземіз. Жалпы үкімет, сауда министрлігі тарифті реттеу мәселесімен нақты айналысуға тиіс. Үкімет келешекте астыққа экспорт салығын енгізу мәселесін көтеріп отыр. Бірақ, қазір қалыптасқан ахуалды ескере отырып, бұған әлі ерте деп ойлаймын. Сондықтан тауар өндірушілерге, әсіресе ұн шығаратын кәсіпкерлер үшін субсидия механизмін қайта іске қосуымыз керек. Біз қосымша құнының деңгейі жоғары дайын әрі өңделген өнімдерді экспорттауға тиіспіз", – деді президент.
Тоқаевтың пікірінше, үкімет ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін озық техникамен қамтамасыз етуге көмектесуі керек.
"Егер заманауи техника болмаса, біздің ауыл шаруашылығымыз дамымайды. Бұл – анық дүние. Сондықтан үкімет менің тапсырмам бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады. Екіншіден, бұл техникалар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қолжетімді болуы керек. Несиеге қатысты саясат жалғаса береді. Несие мөлшері төмен болуға тиіс. Мен бұл мәселеге баса мән беремін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президент өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен агроөнеркәсіп кешенінің жағдайы туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың есебін тыңдады.