Елорда тынысы

"Әлтаевты ешкім қорқыта алмайды!": Нұр-Сұлтанда тағы митинг өтті

"Бәйтерек" монументінің жанында тіркелмеген El Tiregi (Ел тiрегi) партиясының жақтастары жиналды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек –  Sputnik. Елорданың қақ ортасында бейбіт митинг өтті. Тікеуге алынбаған "El Tiregi" партиясының басшысы Нұржан Әлтаев тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарған ардагерлермен бірге тағы бейбіт шеру ұйымдастырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Минингіге қатысқандар Нұржол бульварының бойымен жүріп, үкіметтің отставкасын талап етті. Ал "Бәйтерек" монументіне өте бергенде арнайы жасақ сарбаздары жолды жауып тастады. Бірақ Әлтаев дауыс зорайтқыш арқылы негізгі талаптарын жариялауды тоқтатқан жоқ.

"Үкімет отставкаға кетсін! Мәжбүрлі вакциналауға жол жоқ! Балаларымызға вакцина салынбасын!", - деп шулады жиналғандар.

Олардың алдында әкімдік қызметкері де, полиция да, прокуратура өкілі де шығып, дауыс зорайтқышпен митингінің заңсыз екенін қайта-қайта айтты. Алайда Әлтаев оған келіскен жоқ.

"Бұл – бейбіт митинг. Біз әкімдікке бес күн бұрын ескерту хат жаздық. 7-8 күндері Бәйтерек пен Орталық цирктің жанында бейбіт митинг өткіземіз деп хабарладық. Олардан жауап келген жоқ. Үш күн күттік, бірақ ешқандай жауап болмады", - деді Әлтаев журналистерге берген сұхбатында.

"Әлтаевты ешкім қорқыта алмайды!": Нұр-Сұлтанда тағы митинг өтті

Бірнеше минуттың ішінде шеру тоқтаған жерде біраз адам жиналды. Осы кезде тәртіп сақшылары плакат пен ту ұстап тұрғандарға лап беріп, бәрін арнайы автобусқа тоғытты. Бірақ Нұржан Әлтаевқа тиіскен жоқ.

"Мені неге алып кетпегенін білмеймін. Бұлардың қитұрқы ісі. Биліктің сондай бір саясаты бар. Бәрін бөліп, бұғаттап тастайды, ылғи солай істейді. Негізі мені алып кетуі керек қой. Өйткені ұйымдастырушы мен, әкімдікке жіберілген ескерту хатта менің қолым тұр. Бірақ маған тиіспей, жанымдағы адамдарды алып кеткен", - дейді Әлтаев.

"Әлтаевты ешкім қорқыта алмайды!": Нұр-Сұлтанда тағы митинг өтті

Ресми түрде тіркелмеген партияның басшысы үкіметтің отставкасын не себепті талап етіп жатқанын да түсіндірді.  

"Үкімет өз міндеттерін дұрыс атқармай жатыр. Экономикада дағдарыс болып жатыр, халықтың табысы төмендеп келеді. Инфляция өсуде. Өткенде президент те осыны айтты. Баға күрт өсіп кетті. Ал енді соған қарсы тұратын үкімет жоқ. Сондықтан үкімет премьер-министрмен бірге отставкаға кетуі керек. Ол – бір. Екіншіден, біз мәжбүрлі вакциналауға қарсымыз. Біз вакциналаудың өзіне қарсы емеспіз. Бірақ адамдарды мәжбүрлеп, қинап, жұмысқа жібермей, екпе салдыруға міндеттеуге қарсымыз. Вакцина алмасаң, нысандарға кіргізбеуді шығарды. Ол дұрыс емес", -  деп атап өтті Әлтаев.

Бейбіт митингіге шыққандар үшінші талабын да жариялады. Олар атом электр станциясының құрылысына қарсы. Алдымен халықтың пікірін білу керек.

"Арыста жарылыс болды. Одан кейін Тараз түбіндегі жарылыстарды көрдік. Білуімізше, қазір 44 елді мекеннің қасында әскери қоймалар бар. Оны ешкім ойлап жатқан жоқ. Жарылыс болса ғана жүгіре бастайды. Одан кейін тынышталады. Сөйтіп, бір-екі жылда бәрі ұмытылады. Ал атом электр станциясы жарылса, қазақ халқының геноциді болады", - дейді Әлтаев.

Бейбіт шеруді ұйымдастырушы жалғыз өзі біршама уақыт тұрды да, дауыс зорайтқышын ұстап кетіп қалды.

"Әлтаевты ешкім қорқыта алмайды!": Нұр-Сұлтанда тағы митинг өтті

"Он адам шықты. Оларға қарсы тұтас бір армияны алып келді. Егер билік бейбіт митингілерге қарсы осылай әрекет ете берсе, біз де қарап отырмаймыз. Адамдарды жинай береміз. Алдағы уақытта жақсылап тұрып дайындалып, республика бойынша мыңдаған адам қатысатын митингілерді өткіземіз. Әлтаевты ешкім қорқыта алмайды", - деді ол.