Қоғам

Министрлік кімдерге рақымшылық жасалатынын түсіндірді

Мәжілістің қарауына түскен заң жобасында алғаш рет "әлеуметтік жағынан осал адамдар" ұғымы енгізіліп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Ішкі істер министрлігі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған рақымшылыққа кімдердің ілінетінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мәліметіне сүйенсек, мәжілістің қарауына түскен заң жобасында алғаш рет "әлеуметтік жағынан осал адамдар" ұғымы енгізіліп отыр.

Осы құжатта қылмыстық теріс қылық жасаған және залал келтіруге әкеп соқпаған, не оны толық өтеген азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін аса ауыр емес, сондай-ақ ауырлығы орташа қылмыс жасаған азаматтарды жазадан босату ұсынылып отыр.

Сондай-ақ негізгі жазаның мерзімі мен мөлшерін қысқарту қарастырылған.

"Аталған топтағы адамдардың залалды толық өтеуі, сондай-ақ осы заң қолданысқа енгізілген күні жазасын өтеуге бір жылдан аспайтын уақыт аралығында теріс мінез-құлық көрсептеуі ескеріледі", - дейді комитет мамандары.

Ал жергілікті атқарушы органдар еңбекке қабілетті адамдарды жұмысқа орналастыруға қол ұшын береді. Түрмеден шыққандарға әлеуметтік және өзге де көмек көрсетіледі.

Айта кетері, педофилдерге, жемқорларға, адам өлтіргендер мен экстремистерге, қылмыстық топтардың қатысушыларына рақымшылық жасалмайды.

Өткен аптада мәжіліс депутаттары "ҚР Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң жобасын қарауға кірісті.

"Заң жобасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ізгілік қағидаты негізінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жазадан және қылмыстық жауаптылықтан босатуға, сондай-ақ жазаның өтелмеген бөлігін қысқартуға бағытталған", - дейді депутат Қожахметов