Өңірлер

Елордада дүкендегі екі құрбының ерсі қылығы видеоға түсіп қалды

Соған байланысты полиция кәсіпкерлерді сақ болып, бейнебақылау орнатуға шақырды
Sputnik

АЛМАТЫ, 7 қыркүйек – Sputnik. Елордада дүкен сөресінен ішімдік пен химиялық заттар ұрлаған екі адам ұсталды, деп хабарлады қаланың полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Екеуі 27 тамызда Сәтпаев көшесіндегі "Просто март" дүкенінен құны 27 500 теңге "Джеймсон" вискиін ұрлаған. Оны сөреден сөмкесіне салып, байқатпай дүкеннен шығып кеткен.

Дәл осы күні үш сағаттан кейін Күйші Дина көшесіндегі дүкенге сатып алушы ретінде кіріп, 8 дана сусабын ұрлаған. Оны көшеде өтіп жатқан адамдарға сатып үлгерген.

Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде 19 және 22 жастағы екі азаматшаны ұстады. Олардың бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Олар елорда дүкендерінде 4-5 рет ұрлық жасаған.

Полицияның хабарлауынша, кейінгі кезде азық-түлік дүкендерінен ішімдік, шоколад және химиялық заттар жиі ұрланады. Бұл заттарды көшеде өтіп бара жатқан адамдарға сату оңай.

Соған байланысты полиция кәсіпкерлерді сақ болып, бейнебақылау орнатуға шақырды.