ПАВЛОДАР, 6 қыркүйек — Sputnik. Павлодарда зейнеткер көрші әйелдің көлігіне "зелёнка" шашып жіберді. Оқиға тамыз айының соңында аулалардың бірінде болған.
Павлодар әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты әйелді ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартты, деп хабарлады Facebook-те судья Марат Мұсабаев.
Бұзақылық үй кіреберісіндегі бейнебақылау камерасы арқылы анықталған. Зардап шеккен әйел видеодан жоғары қабатта тұратын көршісін таныды. Бұған қоса, сол күні кешке көршісі балағаттап, екі әйел арасында жанжал шыққан. Егде жастағы әйел жасағанын мойындап отыр.
Оған 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 14 585 теңге көлеміндегі айыппұл салынды. Мұндай әрекет үшін он тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Алайда зейнеткердің жасы ескерілді.
Зардап шегушіге келтірілген материалдық шығын азаматтық-құқықтық тәртіпте өтелуі мүмкін.