Өңірлер

Қызылорда маңындағы ауыл тұрғындары баспанасыз қалуы мүмкін

Шенеуніктер жер беру кезінде қателік жібергендерін мойындағанымен, үй тұрғызуға кеткен шығынды өтеуден бас тартып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүейк — Sputnik. Қызылорда облысындағы Қызылжарма аулының тұрғындары әрі-сәрі күйде жүр: сот магистральді газ құбырының жанынан салынған бірнеше үйді бұзу туралы қаулы шығарған.

Алайда жергілікті тұрғындар жер телімін заң бойынша рәсімдеген. Шенеуніктер жер беру кезінде қателік жібергендерін мойындағанымен, үй тұрғызуға кеткен шығынды өтеуден бас тартып отыр.

Қызылжарма аулының тұрғындары жеке баспана салуға арналған жер телімдерін мемлекеттен тегін алған, деп хабарлайды "Хабар" телеарнасы.

Газ құбырының осы жерден өтетіні үйлер бой көтергеннен кейін ғана белгілі болған.

Бағдат Исабеков он соттық жерді 2013 жылы алған. Оның айтуынша, ол жұбайы және туыстарымен бірге қаражат жинап, үш бөлмеден тұратын шағын үй салған. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмапты: үш жыл өткеннен кейін отбасы жақын маңайдан қысымы жоғары магистральді газ құбыры жүретінін білген.

Апат болған жағдайда оның салдары ауыр болуы мүмкін. Сот үйді бұзу туралы шешім шығарды. Бағдат заңға бағынатын азамат ретінде осыған мойынсұнған.

"Қазір баратын жеріміз жоқ. Сот орындаушысы әбден мезі етті. Ол фундаментті бұзып, құрылыс қоқысын өз есебімізден шығаруымызды талап етіп отыр. Біздің үйімізді 2 миллион 300 мың теңгеге бағалады. Оның ішінде 800 мың теңге – бұл жер учаскесінің құны. Басқа аумақтан жер берді. Бірақ үй салатын ақшамыз болмай тұр", - дейді Бағдат Исабаев.

Тағы алты отбасы да дәл осындай жағдайға тап болды. Олар бірнеше жылдан бері мемлекеттік органдар мен соттың табалдырығын тоздырып жүр.

"Біз бұл жерді 2011 жылы алдық. Фундаментін құйып, біртіндеп қабырғасын көтеріп жатырмыз. Енді тек шатырын орнату қалды. Бірақ бізге үйді бұзу керек деп жатыр. Менің күйеуім екінші топтағы мүгедек. Бір өзім ғана жұмыс істеймін. Ескі лашықта тұрып жатырмыз. Үй салу үшін барлығын үнемдеумен келдік. Жабырқап отырмыз", - дейді жергілікті тұрғын Гүлнәр Танабаева.

Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында мыңға жуық қызметкер жұмысқа шықпай қойды

"ҚазТрансГазАймақ" компаниясы филиалының газ тасымалдау жүйесін пайдалану жөніндегі инженері Нұрсұлтан Назаровтың айтуынша, олардың бұл жағдайда еш кінәсі жоқ. Сақтауды талап ететін қауіпсіздік техникасының ережелері бар.

"Ақшабұлақ – Қызылорда өндірістік учаскесінің өкілдері күн сайын магистральді газ құбырын тексеріп жатыр. Нәтижесінде күзет аумағының бұзылғаны анықталды. Қызылорда қалалық сотының шешіміне сәйкес, бүгінгі күні осы үйлердің тұрғындары өз қаражаты есебінен үйді бұзуы керек", - дейді ол.

Жергілікті әкімдік те бұл мәселе жайында хабардар. Әкімдіктегілер оның туындауына бірыңғай базаның болмауы себеп дейді. Қиын жағдайға тап болған тұрғындарға басқа жер телімдері берілді. Алайда құрылысқа кеткен шығынды өтеу туралы мәселе әлі ашық күйінде тұр.

Оқи отырыңыз: Газ нарығында баға соғысы бастала ма?

"Бүгінгі күні төрт отбасыға 13 миллион теңге төлеу қажет. Биылғы жылдың 26 наурызында өткен сот отырысында сот "ҚазТрансГазАймақ" компаниясының пайдасына шешім қабылдады. Бірақ тұрғындар сот шешімімен келіспеді. Сондықтан сот қарауы әлі жалғасып жатыр", - деді Қызылжар ауылдық округінің әкімі Медет Сейілов.

Жергілікті әкімдік пен газ компаниясы арасындағы үйлесімділіктің жоқтығынан зардап шегіп, далада қалған тұрғындар шенеуніктер жіберген қателік үшін неге қарапайым халық жауап беруі керек екенін түсінбей дал.