Оқиға

Қарағанды облысында ер адам ауыл тұрғындарын дүрліктірді

Ресми мәліметке сәйкес, оқиға 1 қыркүйек күні Бұхар жырау ауданында болған. Мұстафин кентінің тұрғындары полицияға хабарласты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. Қарағанды облысында мас жүргізуші телефон сымдарын үзіп, артынан өз-өзіне қол салмақ болған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, бұл оқиға 1 қыркүйек күні Бұхар жырау ауданында болған. Мұстафин кентінің тұрғындары полицияға хабарласып, көшеде мас жүргізушінің жүргені туралы хабарлады. Ол жүк көлігінің шанағын көтеріп, телефон сымдарын үзіп тастаған. Ал көшенің аяқ жағына барғаннан кейін тып-тыныш болып қалды.

Оқиға орнына шұғыл тергеу тобы барды. Құрамында Тұрар Жолдасбек, Данияр Шәріпов пен Жасұлан Қадырхан болды. Олар көшеден екі шақырым шалғай жерде тұрған жүк көлікті көрген. Шанағы сол күйі көтеріліп тұрды.

"Біз жүк көлігіне жақындап бардық. Сол кезде арқанға асылып тұрған ер адамды көрдік. Арқанды шанаққа байлап қойған. Біз оны бірден ілмектен шығарып, жерге жатқыздық. Ол есінен танып қалған. Бірақ дем алып жатты. Бірден жедел жәрдем шақырдық. Бірнеше минуттан кейін ауруханаға алып кетті", - дейді тергеуші Тұрар Жолдасбек.

Дәрігерлер ер адамның аман қалғанын жеткізді. 39 жастағы Теміртау тұрғыны әйелімен жанжалдасқан. Осыдан кейін ер адам жүк көлігіне мініп алып, Мұстафин кентіндегі туған-туыстарына кетіп қалды. Сол жерде арақ ішкен. Бірақ жан жарасын жаза алмады. Содан өз-өзіне қол салуға шешім қабылдаған. Алайда полицейлер оны құтқарып қалды.