Қоғам

"Халық күтіп отыр": депутат Қытаймен шекаралас аудандарға төнген қауіпті атады

Депутаттың айтуынша, халықтың Қытаймен шектесетін елді мекендерден орталыққа қарай көшуі тоқтамаса, ол аймақтар ел-жұртсыз аумаққа айналуы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Шығыс Қазақстан облысының Қытаймен шекаралас аудандарының болашағына алаңдады.

Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның аймақтық саясатын жүйелендіру туралы талап қойғанын еске салды. Айтуынша, осындай өте күрделі мәселелердің бірі – мемлекеттің шекаралық аудандары, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысының Қытаймен шектесетін аудандары.

"Бұл өңірде азаматтарды өте алаңдататын бір жәйт –  өңір Қытаймен шекаралас орналасқан, азаматтардың  басым көпшілігі "арғы беттің" экономикалық, басқа да ықпалының күшеюіне уайымдайды. "Арғы бетте" халықтың сығымдылығы артып, көлік, жол, адами инфрақұрылымы шекараға тіреліп қойылған. Тек қана Тарбағатай ауданымен Қытайдың шекаралас аймақтарында 300 мың халық шоғырланып отыр деген ақпарат бар (Біріккен Тарбағатай ауданында 38 мың ғана халық тұрады)", - деп жазды Сайыров Facebook-те.

Депутат әрбір мемлекеттің тұрақты дамуының басты факторларының бірі халықты рационалды орналастыру екенін атап өтті.

Айтуынша, мысалы, Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы (жойылған) Қатон-Қарағай ауданында 1995 жылы 22 мың халық болса, қазір 5 мың, Марқакөл ауданында 25 мың адам тұрса, қазір 8 мың, Тарбағатай ауданында 45 мың халықтың 19 мыңы ғана қалған.

"Азаматтардың көшу процесі әлі де тоқтаған жоқ. Бұл проблеманың басты себебі: 1997 жылы оңтайландыру аясында бұл аудандар жабылып, аудан орталықтары ішкеріге (Үлкен-Нарын, Күршім, Ақсуат) көшірілген. "Бос жер жау тартады" деп атамыз бекер айтпаған. Аудандардың халқын "болашақта бізді Қытай басып алады" деген қорқыныш жаулап алған. Халықтың жаппай ішкеріге көшуін сол халық "Қазақстан мемлекетінің Қытайдан шегіне бастауы" деп қабылдауда", - дейді ол.

Егер халықтың "орталыққа шегінуі" ары қарай жалғаса берсе, келешекте бұл аймақтардың ел-жұртсыз аумаққа айналу қаупі бар, деп алаңдады мәжілісмен.

Сайыровтың сөзінше, 2018 жылы Алматы облысының әкімшілігі орталықтан қосымша қаржы сұрамай, ешқандай у-шусыз Кеген ауданын екіге бөліп, шекарада орналасқан бұрынғы Нарынқол ауданын Райымбек ауданы деп атап, қайта құрды. Қазір ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы, инвестиция тартылуда, халық саны көбейіп келеді.

Тағы оқыңыз: Желіде Қазақстан Қытайға қосылса, қарызы кешіріледі деген ақпарат тарады

"Ең негізгісі, халықтың моральдық рухы өсуде, мемлекетке сенім жоғары. Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Қатон-Қарағай, Марқакөл, Тарбағатай аудандарын қайтадан қалпына келтіру – мемлекеттік қауіпсіздіктің басты факторы. Халық мемлекеттен осындай нақты шешімді күтіп отыр", - деді халық қалаулысы.

Шығыс Қазақстан облысының азаматтары депутатқа "Неге шекараны қорғауға мемлекет көңіл бөлмейді? Ал басқа өңірлерге ойын-сауық объектілері үшін миллиардтаған қаржы бөледі" деген сауалдарды жиі қоятын көрінеді.

Мәжілісменнің айтуынша, бұл дұрыс сұрақ. Үкіметтің бұл мәселеге назар аударатын уақыты жетті деп санайды Сайыров.