Өңірлер

Жамбыл облысында жарылыс болғалы он күн өтті: оқиға қалай өрбіді

Соңғы деректерге сәйкес Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде 15 адам қайтыс болды. Барлығының жеке басы анықталды. Ішінде ең жасы 22 жаста
Sputnik

АЛМАТЫ, 5 қыркүйек – Sputnik. Жамбыл облысында әскери бөлімнен өрт шығып, жарылыс болғаннан бері он күн өтті. Соған байланысты Sputnik Қазақстан оқиғалар тізбегіне шолу жасады.

26 тамыз кешкі сағат 19:00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қайнар ауылындағы №28349 әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде өрт шығып, оннан астам жарылыс болды.

Сол түні-ақ әскери бөлім орналасқан маңдағы ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Себебі жарылыс кезінде тұрғындардың үйі қирап, жол бойындағы кәсіп нысандары қирады.

Жолдар жабылып, теміржол тоқтады

Жарылыс салдарынан облыста 88 адамға медициналық көмек көрсетіліп, кейбірі ауруханаға жатқызылды. Ал жарылыс кезінде үйі қираған тұрғындар Тараз қаласындағы №2 мектеп пен Жамбыл политехникалық колледжінің жатақханасына жайғастырылды.

26 тамызда мемлекет басшысы қорғаныс, төтенше жағдайлар министрлері, ішкі істер министрінің орынбасары Жамбыл облысына ұшып кеткенін хабарлады. 

Сол уақытта қауіпсіздік мақсатында жолдар жабылып, теміржол қатынасы уақытша тоқтатылды.

Араға бірнеше сағат салып, президент тағы бір твит жариялады. Бұл жолы мемлекет басшысы жамбылдықтарды сабыр сақтауға және сақ болуға шақырды.

"Өрт салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар, әскери қызметшілер, дәрігерлер және жұмылдырылған барлық адам белсенді жұмыс істеп жатыр. Өкінішке қарай зардап шеккендер саны артып келеді. Бірақ жағдай бақылауда. Тараз қаласы мен ауыл тұрғындары сабырлы әрі сақ болуы керек", - деп жазды Тоқаев.

27 тамызда жарылыс тоқтағанымен, өрт бірден толық сөндірілген жоқ.

Сол күні қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев арнайы жиын өткізіп, төтенше жағдайға қатысты пікір білдірді. Министр өрт бірнеше себепке қатысты шығуы мүмкін екенін жеткізді. Олар: қауіпсіздік талабының бұзылуы, химиялық реакция арқылы өзінен-өзі тұтану және өрт қою, диверсия. Он күн бұрын арнайы тергеу тобы құрылып, қазірге дейін өрттің шығу себебін анықтап жатыр.

Министр өрт кезінде төрт әскери қызметкер қайтыс болғанын хабарлады. 

Сондай-ақ Нұрлан Ермекбаев Тараз маңындағы әскери бөлімде болған жарылыстан кейін отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Артынша тағы бір адамның қайтыс болғаны белгілі болды. Инженерлік оқ-дәрі қоймасындағы өртті сөндіру жұмысын басқарған әскери қызметші қаза болды. Тағы бірнеше қызметкер жоғалып кетті.

27 тамыз түстен кейін жарылыс кезінде қайтыс болғандардың саны тоғыз адамға жетті. Алайда олардың жеке басы бірден анықтала қойған жоқ. 

Шұғыл жиналыс өткізген мемлекет басшысы төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық комиссия құрылғанын, оған премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр басшылық ететінін хабарлады. 

Президент қаза болған азаматтардың отбасын әлеуметтік қорғау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігіне жарақат алған адамдарға жан-жақты медициналық көмек көрсетуді тапсырды.

Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтты.

27 тамыз кешкі сағат тоғыз шамасында оқиға орнынан тағы үш адамның мәйіті табылды, осылайша қайтыс болғандар саны 12 адамға жетті.

Бірінші күннің қорытындысы бойынша төтенше жағдайлар министрлігінің 50-ге жуық қызметкері түрлі дәрежеде дене жарақат алғаны белгілі болды.

Аза тұту күні жарияланды

28 тамыз қаралы хабармен басталды. Төтенше жағдай кезінде қайтыс болғандар саны он үш адамға жетті. Сондай-ақ қаза болғандарды еске алу мақсатында Қазақстанда аза тұту күні жарияланды.

Осы күні Жамбыл облысында оқ-дәрі жарылған жерде өрт толығымен сөндірілді.

28 тамызда Ұлттық аза тұту күнін республика президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялады. Ол қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсеткенін және ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.

29 тамыз Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Халық қаһарманы" атағын беру және мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа  (марқұм) "Халық қаһарманы" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені тапсырылды. 

Сонымен қатар жарылыс кезінде қаза болған тағы тоғыз әскери қызметкерге I және III дәрежелі "Айбын" ордені табысталды.

30 тамызда кешке жарылыс кезінде қайтыс болғандар саны 14 адамға жетті.

Жүзге жуық үй қирады

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Байзақ ауданының ауылдарында әскери қоймадағы жарылыстан зардап шеккен 118 жылжымайтын мүлік анықталғанын хабарлады.

Үш елді мекенде 106 тұрғын үй, 12  коммерциялық нысан жөндеуді қажет етеді, деді облыс Бердібек Сапарбаев.

106 тұрғын үйдің 35-сі күрделі жөндеуден өтуді қажет етсе, қалған 71-і жеңіл зақымдалған, олар да қалпына келтіріледі. Барлық жөндеу жұмыстарына үкіметтен және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді, өңірдегі демеушілер де көмектеседі.

Облыс әкімі барлық нысан екі ай ішінде толық жөндеуден өтетінін айтты.

Әлеуметтік нысандарға тоқталсақ, үш мектепке зақым келген. Әсіресеьқатты зардап шеккені – Жібек жолы ауылындағы білім ордасы. Мұнда 115 бала оқиды. Әскери бөлімдегі жарылыстан кейін кей жерлердің төбесі опырылып, қабырғалары, терезе ойықтары бүлінген. Ғимарат апатты жағдайда тұрғандықтан жаңа мектеп салу туралы шешім қабылданды.

№5 мектеп оқушылары қазір Жібек жолы ауылынан 4 шақырым жерде орналасқан Жаңатұрмыс ауылындағы мектепке барады. Балаларды мектепке және мектептен үйге жеткізу үшін мектеп автобустары бөлінген.
Жарылыстан кейін зардап шеккен Байзақ ауданының ауылдарында қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Байзақ, Базарбай, Жаңатұрмыс, Көкбастау ауылдарында орналасқан мектептер толығымен қалпына келтіріліп, бірінші қыркүйекте оқушыларды қабылдады.

Соңғы деректерге сәйкес, Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде 15 адам қайтыс болды. Барлығының жеке басы анықталды. Ішінде ең жасы 22 жаста.

31 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың отставкасын қабылдады. Сол күні Мұрат Бектановты қорғаныс министрі қызметіне тағайындады.