НҰР-СҰЛТАН, 4 қыркүйек — Sputnik. Алматыда ер адам үйдің кіреберісінде баланы басынан ұрып, итеріп жіберді, ол жерге құлады. Видео желіде таралып жатыр. Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов резонанс тудырған роликке қатысты түсініктеме берді.
Бейнебақылау камерасына түсірілген видеода баланың үйдің шығып бара жатқаны көрінеді. Дәл сол уақытта үйге әйел мен кішкентай қыз кіріп келе жатады. Кенет даладан кірмек болған ер адам баланы басынан қатты итеріп жібереді. Ол жерге құлады.
Оқиға 1 қыркүйекте болған.
Адамдар бала жол бермегесін ер адам осындай әрекетке барды деген болжам жасады.
Полиция ақпаратына сәйкес, баланың анасы құқық қорғау органдарына шағымданған.
"Біз тексеріс жүргіздік. 1966 жылы туған А. есімді ер адам екені анықталды", - деп жазды Рустам Абдрахманов.
Оқиғаның мән-жайын Әуезов аудандық полиция басқармасы анықтайды.