Өңірлер

Бекшин COVID-19-ға қатысты қыркүйек-қазан айларына болжам жасады

Соңғы аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші азайды. Бұған дейін тәулігіне 1 600 жағдай тіркелсе, қазір 1 200 - 1 300 шамасында
Sputnik

АЛМАТЫ, 3 қыркүйек — Sputnik. Қыркүйек айында Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күніне 1 300-ден 500-600 жағдайға дейін азаяды. Брифингте қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин осындай болжамын айтты. 

Оның сөзінше, алматылық дәрігерлер екі аптада бір рет болжам жасайды. Бұған дейінгі болжам алдағы күндері жаңартылады.

"Болжам екі апта бұрын жасалды. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдай соған сай келеді. Қыркүйек айының басында бір тәулікте 1 300 адам індет жұқтырды. Қазір 1 058, кеше 1 287 науқас тіркелді", - деді Бекшин.

Қаланың бас санитар дәрігері балалардың оқуға оралуына байланысты ахуал өзгеруі мүмкін екенін атап өтті. 

"Қыркүйек айында Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны күніне 1 300-ден 500-600 жағдайға дейін азаяды деп болжап отырмыз. Қазанда мутацияланған штамм болмаса, 100-200 жағдай тіркелуі мүмкін", - деді Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ ол соңғы аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші төмендегенін жеткізді. Бұған дейін тәулігіне 1 600 жағдай тіркелсе, қазір 1 200 - 1 300 шамасында.

"Тәулігіне 350 жағдайға азайып жатыр. Бұған қоса жедел жәрдем станциясына түсетін қоңырау саны бұрынғыдай көп емес", - деді санитар дәрігер.

Бекшиннің айтуынша, 20-39 жас аралығындағы тұрғындар вирусқа жиі шалдығады (35%). 40-59 аралығындағылар - 49%, жасы 60 жастан асқандар - 23%.