Өңірлер

Арыста жеке кәсіпкер мектеп салып жатыр

Арыста инвестор есебінен мектеп құрылысы басталды. Мердігер компания нысанды алдағы оқу жылында толық бітіріп, пайдалануға беруді көздеп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Арыс қаласының іргесіндегі Онтам елді мекеніне жеке кәсіпкер 150 орындық мектеп салып беретін болды.

Мектеп іргетасын қалау рәсіміне Арыс әкімі Гүлжан Құрманбекова мен мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев және ауыл ақсақалдары қатысты, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.

Құрылыс нысаны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында қолға алынып отыр.

"Онтам ауылында ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген мектеп мәселесін түпкілікті шешуге бірқадам жақындай түстік. Жеке кәсіпкер Клара Нұрманованың өз қаражаты есебінен 150 орындық мектеп салып беру бастамасын қолдап, қуаттап, әкімшілік тарапынан жер мен өзге де құжаттандыру мәселесіне қатысты түйіндерді жедел шештік", – дейді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.

2,5 гектар аумақты алып жатқан мектеп маңында спорт алаңы да салынады. Жергілікті 50 азаматты жұмыспен қамтитын құрылыс нысаны 2023 жылда аяқтау жоспарланған. Десек те, мердігер компания нысанды алдағы оқу жылында толық бітіріп, пайдалануға беруді көздеп отыр.

Айта кетері, бүгінгі таңда Онтам ауылында "Ынтымақ" атындағы шағын жинақты бастауыш мектеп қана бар. Ол жерде 1-4 сынып аралығындағы 50 бала білім алады. Ал 5-11 сынып аралығындағы 42 бала Ақдала ауылындағы С.Ерубаев атындағы мектепке тасымалданады. Жалпы алғанда ауыл тұрғындарының саны 500-ге жуық болса, оның 105-і мектеп жасындағы балалар.