АЛМАТЫ, 3 қыркүйек — Sputnik. Алматыда көпқабатты үйдің терезесінен үш және бес жасар екі бала құлап кетті. Екеуі де мерт болды. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Twitter-де көңіл айтты.
"Наурызбай ауданында 3 және 5 жасар екі баланың қазасына байланысты ата-анасына көңіл айтамын. Алдын ала мәліметке сәйкес, жазатайым оқиға болған", - деді Сағынтаев.
Алматы әкімдігі балалар терезеден құлап кеткенін хабарлады.
Әкім полиция департаменті оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын жеткізді. Қала басшысы жағдайды жеке бақылауына алды.
Алматы полиция департаменті оқиғаны Наурызбай аудандық полициясы тергеп жатқанын айтты.
Өзге ақпаратты полиция да, әкімдік те хабарламады. Кейбір БАҚ мәліметі бойынша қайғылы оқиға Шұғыла шағын ауданындағы 14 қабатты "Премьера" тұрғын үй кешенінде болған.