НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Парламент сенатының депутаттары бір күндік жалақысын Жамбыл облысында жарылыстардан зардап шеккен және қайтыс болған азаматтардың отбасына аударуға шешім қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Байзақ ауданында болған төтенше жағдай қабырғамызды қайыстырды. Бүгінде президент тапсырмасымен жарылыс салдарынан қаза болғандардың отбасына және зардап шеккен адамдарға көмек көрсетілуде. Осыған орай, сенат депутаттарының бір күндік жалақысын зардап шеккендерді қолдауға арналған қорға аудару туралы ұсыныс бар", - деді сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгінгі отырыста.
Депутаттар осы ұсынысты бірауыздан қолдады. Ал сенат аппаратына бір күндік жалақыны арнайы қорға аударуға тапсырма берілді.
26 тамыз кешкі жетілер шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери бөлім қоймаларының бірінде өрт шығып, артынша оннан астам жарылыс болды. Белгілі болғандай, қоймада инженерлік оқ-дәрі сақталған.
Соңғы мәлімет бойынша төтенше жағдайдан 15 адам қаза тапты. Барлығының жеке басы анықталды.