Қоғам

Бір күнде 32 мыңнан астам адам онлайн санақтан өтті

Қазақстанда жалпыұлттық санақ 1 қыркүйекте басталды. Ұлттық статистика бюросы азаматтарды санақты онлайн өтуге шақырды
Sputnik

АЛМАТЫ, 2 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда бір күнде 32 мыңнан астам адам онлайн санақтан өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2 қыркүйек сағат 10:00-дегі жағдай бойынша 32 422 респондент онлайн санақтан өтті.

Оның ішінде 28 382 адам sanaq.gov.kz сайты, 3 528 адам Egov порталындағы сайт сілтемесі арқылы сұрақтарға жауап берген. Ал 512 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.

Онлайн сауалнамадан өту барысында бірқатар сұрақтар туындаған. Соның ішінде кей азамат тұрақты мекенжайын толтыру кезінде қиындыққа тап болған.

"Респондентке көше атауының алғашқы әрпін енгізу керек, содан кейін жүйе автоматты түрде ұқсас нұсқаларды шығарады. Егер бірінші әрекет кезінде қажетті мекенжайды табу мүмкін болмаса, қазақ және орыс тілдерінде түрлі вариацияларды теру қажет. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы "Жеңіс" көшесі. Егер респондент "Женис" атауын терсе, жүйе қажетті мекенжайды бермейді. Себебі көше атауында қазақ тіліне тән әріптер бар", - деп хабарлады ұлттық статистика бюросы.

Тұрғылықты мекенжайды толтырған кезде көше атауы мекенжай регистрінде қалай көрсетілгенін ескеру қажет.

Сондай-ақ мемлекеттік тіл білімінің деңгейіне қатысты сұраққа қатысты желіде видео жарияланған.

"Видеода респондент 3-парақтың 13-сауалына (Сіз қай тілдерді меңгергенсіз?) жауап беру кезінде қазақ және орыс тілдерін меңгергенін көрсеткен. Келесі сауал (Сіз мемлекеттік тілді меңгергенсіз бе? Егер "Иә" деген жауап болса, онда сіз оны күнделікті өмірде қолданасыз ба?) мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолдану-қолданбауын нақтылау мақсатында қойылған. Егер алғашқысында "қазақ тілін меңгергенін" көрсетіп, келесі сұрақта керісінше жауап қатса, жүйе қателікті аңғарып, бірден белгі береді", - делінген ақпаратта.

Санақ парақтарында өзара байланысты сұрақтар бар. Сондықтан жүйе жауаптардың бірізді болуын қамтитындай етіп құрылған.

Қазақстанда жалпыұлттық санақ 1 қыркүйекте басталды. Ұлттық статистика бюросы азаматтарды санақты онлайн өтуге шақырды. Sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы жұмыс істейді. Сұрақ болса, 1446 байланыс орталығына тегін хабарласуға болады.