Өңірлер

Ақтөбелік ойыншық тапаншамен кеңсе тонап кетті – видео

Шілдеде Нұр-Сұлтанда ер адам ойыншық тапаншамен қорқытып, ломбард тонаған еді. Ол 200 мың теңге иемденіп, белгісіз бағытқа бой тасалаған
Sputnik

АЛМАТЫ, 2 қыркүйек – Sputnik. Ақтөбеде 25 тамызда ер адам микрокредиттік ұйымның кеңсесіне кіріп, 22 жастағы қызметкерді тапаншаға ұқсас затпен қорқытқан. Ол 74 000 теңге ұрлап кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жергілікті полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, оқиға орнына барған полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, 23 жастағы күдіктіні ұстады. Ол жасаған әрекетін толық мойындады.

Дерек қылмыстық кодекстің 191-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы ("тонау") бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Шілдеде Нұр-Сұлтанда ер адам ойыншық тапаншамен қорқытып, ломбард тонаған еді. Ол 200 мың теңге иемденіп, белгісіз бағытқа бой тасалаған.

Медициналық маска таққан ер адам терезеге келіп, тапаншасын көрсеткен. Терезе арқылы целлофан пакетін беріп, "ақша, алтын, не бар – бәрін пакетке сал, әйтпесе өлтіремін" деп айтқан.

Күдікті ұсталды. Ол қала маңындағы ауылдың 28 жастағы тұрғыны болып шықты.