АЛМАТЫ, 2 қыркүйек – Sputnik. Алматыдағы №157 жалпы білім беретін мектеп биыл бірінші сынып оқушыларының саны бойынша рекорд жаңартты. Мұнда 1 "Ю" сыныбы ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл мектеп Наурызбай ауданында орналасқан. Мұнда 1 "Ю" сыныбының ашылғанына қатысты қалалық білім басқармасы түсініктеме берді.
Редакция жолдаған ресми сауалға берілген жауапқа сәйкес, биыл мектепте бірінші сыныпқа 714 оқушы қабылданды. Дәстүрлі форматта оқу кезінде сыныптағы бала саны 25 оқушыдан аспауы қажет екені ескеріліп, мұнда 28 сынып ашылған.
"Alma City, BI Group және "Шұғыла" жаңа ықшам аудандарының салынуына байланысты мектепте сынып саны артты", - деп хабарлады білім басқармасы.
Ал мектеп 1 540 оқушыға лайықталған. Қазір №157 жалпы білім беретін мектепте 1-11 сыныпқа дейін 4 862 адам оқиды.
"Мектеп бойынша 1-ден 11-ге дейін 185 сынып бар. Ата-аналардың өтініші бойынша 1 118 оқушы онлайн оқытуға көшті. Дәстүрлі форматта 177 сынып екі ауысымда білім алады. Бірінші ауысымда 88 сынып, екінші ауысымда 89 сынып бар", - деп нақтылады Алматы білім басқармасы.
Мектепте 95 кабинет бар. Бұл Қазақстанның бас санитар дәрігері белгілеген барлық санитарлық норманы сақтауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін білім күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласынан 20 шақырым жердегі Қосшы қаласындағы №2 мектепте 1 "Ы" сыныбы ашылғаны белгілі болды. Мұнда бірінші сыныпқа 700-ден астам бала қабылданған. Мектепте төрт мыңға жуық бала оқиды, алайда мектеп бір ауысымда 1,2 мың баланы оқытуға лайықталған.
Мектепте орын тапшылығы бар екенін мектеп әкімшілігі 2019 жылы көтерген.
Мың жаңа мектеп салынады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында 2025 жылға дейін мың мектеп салуды тапсырды. Президент орта білім жүйесіндегі өткір мәселелердің бірі мектептердегі орын тапшылығы екенін атап өтті.
"Қазір тапшылық 225 мың орынды құрайды. Егер шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай тапшылық 1 миллион орынға жетуі мүмкін", - деді Тоқаев.
- мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс;
- мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі;
- жекеменшік мектептер желісін дамыту;
- модульдік мектептер салу.
Министрдің айтуынша, биыл жоспарға сәйкес 200 жаңа мектеп іске қосылады. Келесі төрт жыл ішінде жыл сайын 200 мектеп салынады. Жергілікті атқарушы органдар осы мың мектепті салу үшін қажетті жер учаскелерін алдын ала бөліп, оның интерактивті картасын әзірлейді.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде 6 мектепте салтанатты шара тоқтатылып, адамдар қауіпсіз жерге шығарылды