Экономика

Тоқаев маңызды мәселені шешу үшін үкіметке 1 ай уақыт берді

Тоқаев елде инфляция бақылаудан шыққанын айтты. Президент инфляция дәлізін 4-6% деңгейіне қайтаруды тапсырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік бағасын бақылау үшін бірыңғай органды айқындауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президент өндірушіден бастап, азық-түлік бағасын бір орталықтан басқару қажет екенін мәлімдеді.

"Қазір бұл жұмысқа бірнеше ведомство жауап береді. Баға кезекті рет өскеннен кейін олар мұқият талдау жүргізіп, тиімді шаралар қабылдаудың орнына бір-біріне сілтейді. Бұл істе тәртіп орнататын кез келді. Жауапкершілік аймағын бөліп, негізгі бір органды айқындау қажет. Қалған ведомстволардың өзара іс-қимыл регламентін анықтап жазу керек", - деді Тоқаев жыл сайынғы жолдауында.

Мемлекет басшысы үкіметке бұл мәселені шешуге бір ай уақыт берді.

Сондай-ақ Тоқаев елде инфляция бақылаудан шыққанын айтты. Президент инфляция дәлізін 4-6% деңгейіне қайтаруды тапсырды.