Қоғам

Партада отырған жерінен алып кетеді: министрлік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды

Пайдаланушылардың айтуынша, мұндай нормалар жаңа заң жобасында жазылған және оларға сәйкес мектеп оқушыларын белгісіз бағытта құпия эвакуациялау үшін себеп керек емес
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Танымал қазақстандық Telegram-арналардың бірінде балаларды мектептен эвакуациялаудан жазбаша бас тарту үлгілері таратылуда. Бұл құжат мектеп оқушыларын сабақ кезінде ата-аналарына ескертпей біреулер белгісіз бағытта алып кетпеуі үшін қажет.

Қазнетте жаңа оқу жылында мектеп оқушыларын партада отырған жерінен алып кетеді деген қауесет кеңінен тарала бастады. Пайдаланушылардың айтуынша, мұндай нормалар жаңа заң жобасында жазылған және оларға сәйкес мектеп оқушыларын белгісіз бағытта құпия эвакуациялау үшін себеп керек емес.

Білім және ғылым министрлігі ата-аналардың алаңдаушылығы сейілтті.

Оқи отырыңыз: "Барлығы ПТР-тест тапсырады": вице-министр мектептегі талаптар туралы айтты

Ведомство терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтар жазылған бұйрық жобасы бар екенін растады. Ол «Террористік тұрғыдан осал объектілердің, білім және ғылым министрлігінің және білім және ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» деп аталады.

Құжатты білім және ғылым министрлігі терроризмге қарсы орталықпен, ішкі істер министрлігі және төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп әзірледі. Қазіргі кезде бұйрық жобасы баршаға қолжетімді, ата-аналар мен үкіметтік емес ұйымдардың барлық ұсыныстары өңделеді, содан кейін жобаға қажетті өзгерістер енгізіледі.

"Бұйрық жобасында қауіп төнген жағдайда балаларды эвакуациялау оқушылар мен қызметкерлерді білім беру объектісінің жеке үй-жайларынан немесе ғимараттарынан қауіпсіз орындарға ұйымдасқан түрде көшіру арқылы жүргізілетіні белгіленген. Қауіпсіз орындарды білім беру объектілерінің басшылығы мүдделі органдармен бірлесіп білім беру объектісіне тікелей жақын жерде айқындайды, – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Олардың айтуынша, білім беру ұйымдарында эвакуациялық жұмыстарды жүргізу кезінде оқушылардың ата-аналарын сынып жетекшілері хабардар етеді

Сондай-ақ ведомство қажет болған жағдайда барлық қауіпсіздік шаралары нақты және үйлесімді қабылдануы үшін мектептерде жаттығулар өткізілуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл туралы алдын ала хабарланады, ал балаларды мектеп аумағынан тыс жерлерге көшірмейді.