АЛМАТЫ, 1 қыркүйек – Sputnik. Қызылорда облысы Арал ауданының Сексеуіл ауылында жаңа мектеп ашылды. Оның құрылысы қалың көпшіліктің назарында болды.
Бұл елді мекенде мектептің құрылысы 2019 жылдың қыркүйегінде Egemen Qazaqstan газетіндегі "Темір жолды жағалап топ бала жүр" мақаласынан кейін басталды. Ол жерде Сексеуіл ауылында тұратын 360 баланың тоғыз ай бойы мектепке 13 теміржол арқылы өтіп баратыны айтылды.
Ауылда жүздеген отбасы тұрады, алайда бір де бір мектеп жоқ. Барлық бала теміржол желісінен өтіп Сексеуілдің негізгі бөлігіне барып оқиды.
Балалардың қандай жағдайда білім алып жатқанын оқыған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде мақалаға қатысты пікір білдірді.
"Бұл өзекті мәселе. Оны шешу үшін Үкімет нақты шаралар қабылдауы керек", - деп жазды президент Twitter парақшасында.
Сексеуілде 300 балаға арналған жаңа мектеп салуға республикалық бюджеттен 800 миллион теңге бөлінді, қысқа мерзімде құрылысқа қажетті барлық құжат дайындалды, мердігер анықталды.
Бүгін мектеп оқушыларға есігін айқара ашты.
"Қазақстан Республикасы президентінің мектеп салу туралы тапсырмасы толық көлемде орындалды. Бүгін Сексеуіл ауылының балалары 300 орынға арналған жаңа мектепте оқу жылын бастады, - деп хабарлады облыстық білім басқармасы.
Қазір жаңа мектепте 442 бала бар. Білім басқармасының мәліметінше, мектепте барлығына орын жетеді. Мұнда кең жиырма оқу кабинеті, асхана, спорт және акт залдары, заманауи кітапхана бар. Мектепте кәсіби мамандар жұмыс істейді.
Барлық мұғалім мен мектеп қызметкерлері толық вакцина салдырған.
Сексеуілде тағы үш мектеп бар – ауылдың негізгі бөлігінде орын тапшылығы жоқ.
Оқи отырыңыз: Мектептерде орын тапшылығы 1 миллионға жетуі мүмкін – Тоқаев