НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жыл сайынғы Жолдау кезінде денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Елімізде жаппай екпе салынып жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастырады. Мұндай адамдар өздерінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуге тиіс. Сондықтан екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеген жөн", - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Осы орайда президент адамзаттың талай індетті бастан өткергенін де еске салды. Вакцина табылғаннан кейін қауіпті дерттерге тосқауыл қойылды.
"Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін. Сарапшылар басқа да індеттер пайда болатынын айтты. Біз оның қашан болатынын күтіп, қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүріп, ары қарай дамуға бейімделуіміз керек. Қазір бустерлік вакцинаны сатып алу өте маңызды", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Президент Дүниежүзілік денсаулық ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындаған жөн деді ол.