НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдан бастап ең төменгі жалақыны көтеруді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ең төменгі жалақыны қайта қарайтын уақыт келді деп ойлаймын. Оның мөлшері 2018 жылдан бері көтерілген жоқ. Ал әлемдік коронадағдарыс халықтың табысына күш салды. Бұдан бөлек, минималды жалақының мөлшері жағынан Қазақстан ТМД-ның бірқатар елінен қалып қойды", - деді Тоқаев жылсайынғы жолдауында.
Осыған байланысты мемлекет басшысы 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін көтеруді тапсырды.
"Бұл шара 1 миллионнан астам адамға тікелей пайдасын тигізеді. Ал жанама түрде барлық жұмысшыға пайдалы болады. Көлеңкелі жалақының көлемін де азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ішкі сұранысты да ұлғайтады", - деп түсіндірді Тоқаев.
Мемлекет басшысы ең төменгі жалақыны салық және әлеуметтік салада есептік көрсеткіш ретінде колданбау қажеттігін де жеткізді.