НҰР-СҰЛТАН, 30 тамыз – Sputnik. Нұр-Сұлтанда Конституция күніне орай баспана кезегінде тұрған адамдарға пәтер кілті табысталды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы үш жылдың ішінде астанада қолжетімді тұрғын үйдің саны 5,5 есеге көбейді. Мысалы, 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер берілсе, 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер, берілген болатын. Ал 2020 жылы 7 000-нан астам пәтер пайдалануға берілді. Биыл 10 мың әлеуметтік пәтер салу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, тұрғын үй сертификатының сомасы 1 миллион теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылып отыр. Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚИК) бағдарламасы бойынша қатысушылар санаты кеңейтілді.
Ал "Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы аясында жыл соңына дейін тағы мыңнан астам жалдамалы пәтер беріледі.