Қоғам

Мемлекет басшысы белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлының отбасына көңіл айтты

Қаламгер өмірінің соңында Тараз қаласында тұрды. "Жамбыл" әдеби журналының бас редакторы болды. Марқұм өзінің туған жеріне жерленді
Sputnik

АЛМАТЫ, 30 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Дәутайұлының дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мемлекет басшысының жеделхатын президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жариялады.

"Несіпбек Дәутайұлы баспасөз саласында жемісті жұмыс істеді. Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облысы бойынша филиалына жетекшілік етті. Еліміздің рухани-мәдени байлығын арттыруға мол үлес қосты. Қарымды қаламгер ретінде шығармашылық жолдағы табыстары да өте мол. Тартымды туындылары оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды, әдеби сыйлықтарға ие болды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", - делінген жеделхатта.

Несіпбек Дәутайұлы жетпіс бес жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ол 1947 жылы 30 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Киров атындағы колхозда (қазіргі Кенен ауылы) туған.

Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының, "Қазақ әдебиеті" газетінің проза жанры бойынша лауреаты. 2009 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. 2019 жылы "Құрмет" орденінің иегері атанды.

Жазушының артында оқырманға мұра болып "Ақ көгершін", "Алма ағашының бұтағы", "Әнім сен едің" атты повестері, "Құдірет пен Қасірет" романы, "Көгілдір көйлекті келіншек", "Ойынды еті он бөлек", ІІ томдық таңдамалы шығармалар жинағы қалды. 2019 жылы Түркияның Анкара қаласында "Жол" кітабы түрік тілінде жарық көрді.

Қаламгер өмірінің соңында Тараз қаласында тұрды. "Жамбыл" әдеби журналының бас редакторы болды. Марқұм өзінің туған жеріне жерленді.