Оқиға

Әскери бөлімдегі жарылыс: алты адам ауыр хәлде жатыр

Таразда апат аумағынан эвакуацияланған адамдар үшін 400-ден астам орын дайындалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысының әкімдігі әскери бөлім қоймасында болған жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы туралы хабарлады.

Таңғы 08.00-дегі жағдй бойынша ауруханаларда 28 науқас жатыр, оның алтауы ауыр хәлде, деп нақтылады ведомство. 32 дәрігер, олардың арасында дәрігер-травматологтар, нейрохирургтер, хирургтер, реаниматологтар және басқалары, 56 орта медицина қызметкері жұмылдырылған. Аурухана дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.

Таразда апат аумағынан эвакуацияланған адамдар үшін 400-ден астам орын дайындалды. Тағы қосымша 1000 төсек-орын дайындалуы мүмкін.

27 тамыз 08.00-дегі мәліметке сәйкес, уақытша эвакуация пунктерінде 171 адам бар, оларға қажетті жағдай жасалған, таңғы ас берілді.

Жедел медициналық көмек көрсету үшін 37 жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде үш медициналық авиация бригадасы тартылды. Олардың арасында бір бригада Тараздағы №5 мектепте, тағы біреуі Тараз политехникалық колледжінде кезекшілік етеді. Ол жерге Байзақ ауданы Базарбай ауылынан бұған дейін 226 адам көшірілген болатын.

ТЖ туралы ақпарат білу үшін қауырт желі ашылды: 8 (7262) 51-41-67, 8(7262) 51-37-75. Сондай-ақ 109 нөміріне хабарласуға, 8-778-810-91-09 WhatsApp нөміріне хабарлама жіберуге болады.

Жамбыл облысының бірыңғай диспетчерлік қызметіне барлығы 473 қоңырау түскен.