Оқиға

Әскери бөлімдегі жарылыс: министрлік қаза болғандардың аты-жөнін жариялады

Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылыстан төрт әскери қызметшінің қаза болғанын хабарлады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысындағы әскери бөлімде қаза болған төрт әскери қызметшінің аты-жөнін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Өкінішке қарай өрт сөндіру кезінде төрт әскери қызметкер қаза болды", - деді қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев брифингте.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі қаза тапқандардың аты-жөнін жариялады. Олар: келісімшарт бойынша екі әскери қызметші – 1981 жылы туған сержант Марат Сайлауұлы Мешінбай және 1981 жылғы ефрейтор Руслан Жүрсінбайұлы Жанболатов, 1969 жылғы әскерилендірілген күзет қызметшісі Оразбек Дайырбекұлы Дәлібаев.

Сержант Марат Мешінбай мен ефрейтор Руслан Жанболатов өрттің алғашқы минуттарынан бастап әскери бөлімнің өрт сөндіру командасының құрамында болды. Жарылыс жанында болып, ауыр жарақат алды.

Әскерилендірілген күзет қызметшісі Оразбек Далибаев қойманы күзету жөніндегі қарауыл бастығының көмекшісі қызметін атқарды. Қызметтік міндетін атқару кезінде оқ-дәрілердің жарылуы салдарынан қаза тапты, деп нақтылады ведомство.

Брифинг барысында министр Ермекбаев оңтүстік өңірдің әскери прокуроры полковник те қаза болғанын айтты. Алайда министрліктің ресми хабарламасында ол жайлы мәлімет жоқ.