Өңірлер

Жарылыстан кейін пойыздан түскен халық шаңды дауылдың астында қалды – видео

Жарылыс болған әскери қоймаға жақын жерде шаңды дауыл көтерілді. Дәл сол жерде жүздеген адам пойыздан түсіп, автобус күтіп тұрған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысындағы Ақшолақ кентінде шаңды дауыл көтерілді.

Күні кеше осы ауылға жақын жерде орналасқан әскери қоймада бірнеше жарылыс болды. Адамдарды қауіпсіз жерге көшірген.

Ал "Тараз – Ақшолақ" учаскесінде теміржол қатынасы уақытша тоқтатылған болатын. Осыған байланысты адамдарды автобуспен тасымалдады. Әлеуметтік желіде тараған видеода автобус күтіп тұрған адамдардың шаңды дауылдың астында қалғанын анық көруге болады.

"Бүгін пойыздан түсіп қалған адамдарға дәл қазір автобус келеді деген, әлі жоқ", - делінген видео анықтамасында.

Ал 109 қызметі автобустардың жолға шыққанын жазып, сәл күте тұруды сұраған. Сол жерде тұрған жолаушылардың бірі автобустардың үлгермей жатқанын жазды.  

"Өтірік жазбаңдар, мен сол жерде тұрмын. Автобус тасып жатыр, үлгермей жатыр. Жолаушылар жаңа ғана түсті пойыздан, қатты жел болып тұр", - деп жазды Мадияр Ақылбеков.  

Айта кетері, бұған дейін Қазгидромет республиканың оңтүстігінде шаңды дауыл көтерілуі мүмкін екенін хабарлаған.

Тараз түбіндегі жарылыс

Қайғылы оқиға 26 тамыз кешкі жетілер шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында болды. Алдымен әскери бөлімнің қоймасынан өрт шыққан. Артынша бірнеше жарылыс болды. Анықталғандай, қоймада инженерлік оқ-дәрі сақталыпты.

Жақын маңдағы елді мекен тұрғындары шұғыл Тараз қаласына эвакуацияланды. Соңғы деректер бойынша төтенше жағдай салдарынан 9 адам қаза тапты. Олардың арасында ТЖ министрлігі, әскери бөлім, әскерилендірілген күзет пен әскери прокуратура қызметкерлері бар. Бұдан бөлек жоғалып кеткен екі адам іздестірілуде.