Өңірлер

Министр мен әкім әскери бөлімдегі жарылыстан қаза тапқандардың отбасына барды

Қорғаныс ведомствосы қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетеді. Соңғы деректер бойынша төтенше жағдай салдарынан 9 адам көз жұмды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әскери бөлімдегі жарылыстан қаза тапқандардың отбасына барды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасында болған өрт салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына барып, орны толмас қазаға байланысты марқұмдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты", - делінген қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Жамбыл облысында болған жарылысқа байланысты шұғыл жиналыс өткізді 

Қорғаныс ведомствосы тарапынан қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету бойынша барлық шара қабылданады.

Тараз түбіндегі жарылыс

Қайғылы оқиға 26 тамыз кешкі жетілер шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында болды. Алдымен әскери бөлімнің қоймасынан өрт шыққан. Артынша бірнеше жарылыс болды. Анықталғандай, қоймада инженерлік оқ-дәрі сақталыпты.

Жақын маңдағы елді мекен тұрғындары шұғыл Тараз қаласына эвакуацияланды. Соңғы деректер бойынша төтенше жағдай салдарынан 9 адам қаза тапты. Олардың арасында ТЖ министрлігі, әскери бөлім, әскерилендірілген күзет пен әскери прокуратура қызметкерлері бар. Бұдан бөлек жоғалып кеткен екі адам іздестірілуде.